Қазақ елі – татулық пен бірліктің отаны

Түрлі этнос өкілдері әртүрлі себептермен қазақтың жеріне қоныс аударып, бүгінде тату-тәтті мекен етуде. Олар – Қазақстанның толыққанды азаматы. Ел өмірінің түрлі саласында қызмет етіп, мемлекеттің әл-ауқатын, экономикасын руханиятын дамытуға шама-шарқынша үлес қосып келеді.
Халқтың бірлігі мен келісімі, эмоциясы мен көңіл-күйі адамның еліне, мемлекетіне деген сүйіспеншілік деп қарауға болады. Қазақ немесе орыс, өзбек немесе украин, армян немесе ұйғыр ұлты болсын, барлығының ойында, бойында мемлекетке деген патриоттық рух, республикамызға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі бар екені анық. Қазақстан республикасында өмір сүретін әрбір адам, елде тұратын барлық ұлт өкілдері арасындағы татулық пен бірлікті, достық пен тыныштықты мақтан тұтып айтып жүргені белгілі. Бұл көзқарас Қазақстан қоғамының саяси әлеуметтік және экономикалық тұрғыдағы тұрақтылығының негізі тірегі болды деп санаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан республикасында кез келген дінді ұстануға рұқсат етілген, мемлекет әркімнің дін ұстану бостандығын құрметтейді және құрметпен қарайды.
Келешекке кемел қадам басқан кез келген елдің арман-мұраты, мақсаты мен тілегі халқының бейбіт те тату тіршілік етіп, тыныштықты өмір сүруі екені даусыз. Бейбіт өмір – береке-бірліктің бастауы. Бұл болашаққа нық қадам басып, өркениет биігін еңсеруге жол ашады. Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген мақал осы орайда айтылса керек.
Әрбір ұлт, әр халық бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруді қалайды. Ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігі. Тарихқа қарасақ, адамзат небір сұрапыл зардапты кезеңдерді бастан өткерді. Жазықсыз жандар жапа шекті. Бұл құбылыстар татулық пен бірлік кеткен жерде берекесіздік жайылатынын айқын аңғартады. Бүгінгі ХХІ ғасырдағы әлемнің, оның ішінде Қазақстанның да алдына – ел тұтастығын, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен рухани бірлікті сақтап, бейбітшілік үшін жан аянбай күрес жүргізу міндеті шықты.
Өткенге көз салмай, болашаққа батыл қадам жасау мүмкін емес. Ел тарихына көз салсақ, тағдырдың талай ауыртпалығын, қиын-қыстау кезеңдерді, ашаршылықты бастан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бірлікпен ғана бүгінгі ұрпағына осындай бейбіт те мамыражай заманды мирас еткенін көреміз.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» демекші, кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. 1-наурыз – алғыс айту мерекесі қарсаңында татулығымыздың темірқазығы – бірлігіміз бекем болсын демекпіз! Байлық та, бақыт та бірлікте екенін әрдайым есте сақтап, бірлігімізді бағалай білейік.
Акбота Бакирова,
архивист
архивист