Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтаралық татулық – басты құндылық

Ұлтаралық татулық – басты құндылық

Бүгінде Қазақстан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті, бақуатты өмір сүріп жатқан мемлекет ретінде танылды. Елдегі ұлт пен ұлыс өкілдері өз тілдері мен мәдениетін дамытуға толық мүмкіндік алып, «Қазақстан азаматы» дейтін өзіндік болмыс пен келбет қалыптастырып үлгерді.
Мәселен түрлі жағдайлармен Шиелі ауданына мыңдаған орыс, корей, шешен, украин, башқұрт, неміс, беларусь, молдаван, ұйғыр ұлтының өкілдері қоныс аударса, қазіргі таңда ауданымызда 3356 өзге ұлт өкілі тұрақтап, мекен етуде. Олардың басым көпшілігі Шиелі кенті мен Ақмая, Сұлутөбе, Бәйтерек ауылдық округтеріне табан тіреген.
Кезінде жер аударылып қазақ жеріне келген отбасылардың бірі Пак әулеті. Олар Шиелі ауданы, Ақмая елді-мекеніне қоныс аударылып, бүгінде осынау қонақжай мекенге тұрақтап, тамыр жайған. Пак әулетінің кіші немерелерінің бірі «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пактың айтуынша жер аударылғанан кейін атасы Виталий Пак ауылда күрішші болып еңбек етсе, әжесі Светлана Лян есепші қызметін атқарған. Әкесі Владимир мен анасы Татьяна да сол құтты қоныста тұрақ тауып, бүгінде «Ақмая» шаруашылығында несібесін теріп жүр. Ол әжесінің ­айтуымен ауылдағы қазақ мектебінен тәлім алып, мектеп қабырғасында Абай Құнанбаевтың шығармалырына ерекше қызығушылығы пайда болған.
Ал мектеп қабырғасында білім алуы жайында Елена «Қазіргі таңда ауылымда 60-тан астам корей ұлтының өкілі, 50-ге жуық орыс ұлтының өкілдері тұрады. Барлығымыз қазақ мектебінде тәлім алып, кіндік қанымыз тамған елімізді сүйіп өстік. Сыныптастарымның көп бөлігі қазақ болғанына қарамастан ешбірінен әділетсіздік көргенім жоқ. Керсінше жақын тартып, дос тұтуға тырысты. Өз басым білімге, қазақ тілін білуге деген құштарлығымның арқасында ұлан-ғайыр даланың тереңнен тартқан тарихына бойлап, қаншама толымды туынды, жыр маржаны­мен сусындап өстім. Бүгінгі таңда тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап, болашақта қазақ тілін жас ұрпаққа үйретсем деген ниетім бар» деді.
Қазіргі елімізде болып жатқан түрлі арандату әрекеттерінің салдарынан ұлтаралық қақтығыстар орын алып жатқаны белгілі. Осы жағдай төңірегінде корей қызы былай деп ойын айтты: «Бейбіт күнде туып-өскеніме қарамастан, ата-әжемнің өсиетінен кейін қазақ халқының кең пейілдігі мен дархан көңілінің арқасында ғана бүгінгі күнге жетіп отырғанымызды естен шығарған емеспін. Ақпараттық соғыс заманында еліміздің бірлігі мен татулығына сыртқы күштердің әсер еткісі келетіндігі сөзсіз. Бастысы біз адамның жақсы не жаман ­болуы ұлтына байланысты емес екендігін ұмытпаумыз керек».

Рамазан Әнәпия
23 қараша 2021 ж. 968 0