Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Болашақты бағдарлаған басқосу

Болашақты бағдарлаған басқосу

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүниежүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі Елбасының сарабдал саясатының жемісі деп білеміз. Ал, биылғы жылы Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясында қаралған негізгі мәселе Мемлекет басшысы жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы болды.
Биылғы басқосудың өзге сессиялардан айырмашылығы –елдің дамуына негізгі бағдар болатын бес бастама аясындағы нақты қадамдар ортаға салынды. Республиканың барлық өңірінен ҚХА өкілдері жиналған шарада Президент тиісті органдар мен жастарға бағдарламаны жүзеге асыру бойынша арнайы тапсырмалар берді. «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасының негізгі мақсатты аудиториясы – жастар. Сондықтан, сессия барысында талқыланатын мәселенің барлығы тікелей: жастармен жұмысты, олардың дамуына жағдай жасауды, сапалы білімге қолжетімділігін арттыру және олардың бірлігін қамтамасыз етуді қамтыды.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бес әлеуметтік бастама негізінен елдің болашағы – жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың әлеуетін арттыру мақсатында дайындалған. Бізге қазір әр саланың үздіктері мен кәсіби білікті мамандар керек. Өйткені, елді келесі басқаратын ұрпақ бүгінгі жастардың қатарынан қалыптасады. Олардың әрқайсысы ІТ-технологияны меңгеріп, өз саласын жетік біліп, оның өрлеуіне еңбек етсе, еліміздің бағындырар белесі мен алар асуы аз болмасы белгілі.
Рамзан Хазуев,
шешен ұлтының өкілі.
---
29 сәуір 2018 ж. 1 137 0