ШАРШЫ ТАҚТАДАН ТОП ЖАРДЫ
Қай спорт түрінен алсақ та, аудан жастары қарсыластарына дес бермей мықтылығын мойындатып жүр. Білектің күшінен бөлек ой сарабына салмақ салатын ойын шеберлерінің артып келе жатқаны да көңілге қуаныш сыйлайды. Соның бірі №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің даярлық тобының оқушысы – Аянат Жақсылық. Кейіпкеріміз шахмат ойынымен 4 жасынан айналысып келеді. Әкесі Оразбек Жұмағұлов шахматқа ерекше қызығушылығын байқап қызын Демеу спорт үйірмесіне береді. Соның арқасында жас өрен күнде бауырларымен жаттығып, көптеген жетістікке жеткен. Бүгінде Аянат Оразбекқызы аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы. Тіпті республикалық сайыстарда өзінің деңгейін көрсетіп, топ жарып жүр. Мақсатшыл спортшы қыз осы уақытқа дейін бірқатар жетістікке қол жеткізген. Атап айтсақ, «Kyzylorda open – 2024» қалалық ашық турнирде, жасөспірімдер арасындағы облыстық және аудандық біріншілікте жеңіс тұғырына көрінді. Сондай-ақ жақында Алматыда өткен Қазақстан Республикасының 6 жасқа дейінгі қыздар арасындағы чемпионатында рапид бойынша II орынды иеленіп, жүлдемен оралды. – Мені шахмат ойынына баулыған әкем Оразбек Жұмағұловқа және ұстаздарым Ақылбек Шаймерден, Бекболат Мизамбаев, Жәнібек Күзербаев, Әділет Ерсерікке алғыс айтамын. Шахмат адам ойының ұшқыр болуына тәрбиелейді. Сондықтан бәріңізді осы спорт түрімен айналысуға шақырамын. Алдағы уақытта талай үлкен додаларда топ жарып, көк туымызды биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатамын, – дейді Аянат. Анасы Фарида Қожамжарова қызының бала кезінен зерек, зейінді өскенін айтады. Аянаттың жүрісі де, сөйлеуі де ерте дамыған.
– Әкесі екеуміз қызымыздың таңдауына шектеу қоймауға тырысамыз. Соның арқасында көп нәрсеге талпынады әрі ізденісте жүреді. Небәрі 5 жаста болса да, жаңа нәрсені үйренгісі келіп тұрады. Ол қай қалаға жарысқа аттанса да, өзіміз еріп барып, қолдау білдіреміз. Қызымның әрбір жетістігі біздің мерейімізді өсіреді, – дейді анасы Ф.Тұрсынқызы. Қазір ауданда шахматтың еңсесі биік. Себебі осындай ұшқыр ойлы жастар тәрбиеленуде. Мектеп оқушыларының бағындырған биігі де бір төбе. Олай болса, жас шахматшы қызға тек сәттілік тілейміз. Жеңісті жолдан таймай, ауданның, елдің абыройын асқақтата берсін.
Айнұр ИБРАШ
Айнұр ИБРАШ