Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛУАНДАР 4 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

БАЛУАНДАР 4 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ


Нұр-Сұлтан қаласында қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемионатында Сыр балуан­дары 4 бірдей медаль иеленді. 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған турнирде жерлестеріміз 38, 42, 46 , 50 салмақ дәрежелерінде облыс намысын абыроймен қорғап, Сыр спортының айбынын тағы бір мәрте асқақтатты.
Турнирде шиелілік балуандар Марғұлан Қасымбек пен Диас Маратұлы ерекше көзге түсіп, қарсыластарына лайықты түрде қарсылық көрсетті. Нәтижесінде Диас пен Марғұлан қола жүлде еншілеп, ауданның ғана емес облыстың қоржынын толықтырды. Қос балуаннан бөлек 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы Шейхрахман Бауыржанұлы да жеңіс тұғырына көтерілді.Ол финалда Жамбыл облысының спортшысымен белдесіп, оны таза жеңіспен тізе бүктірді. Бұл жеңіс арқылы жас спортшы алғашқы мәрте Қазақстан жеңімпазы атанып отыр. Осы жарыс нәтижесімен ол спорт шеберіне үміткер нормативін орындады. Бұдан бөлек Қызылорда қаласының спортшысы Нұржан Тумырзаев та қола жүлдені еншісіне байлады. Сыр спортшыларын жарысқа жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Берік Қасымбеков, Қайрат Жолмырзаев, Мақсат Оспанов және Бауыржан Мырзалиевтер дайындап апарды. Енді балуандар сәуір айында Орал қаласында өтетін ел чемпионатына дайындығын бастайды.

Р.Әнәпия
02 наурыз 2021 ж. 475 0