ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДАҒЫ ЖАС СПОРТШЫ
Облыстық жастар ресурстық орталығына 10 жыл толуына орай Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде «Qob team» республикалық турнирі өтті. Додада түрлі салмақ категориясы бойынша 380 спортшы белдесті. «AРАШИ MMA» Қызылорда облыстық федерациясының ұйымдастыруымен өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы сайыста шиелілік бір топ спортшы да бағын сынады. Олардың арасында Ақмая ауылындағы спорт кешенінің жас спортшысы – Аслан Ахметғали да бар. №49 мектебінің 2 сынып оқушысы, 7 жасар Аслан 24 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жаттықтырушысы Қасымхан Сәдуов: – Аслан – өте шымыр бала. Қарсыластарынан шапшаңдығымен, ептілігімен басым түсті. Бұл оның республикалық турнирге алғаш қатысуы. Болашағынан зор үміт күтеміз, – дейді. Біз де жеңіс тұғырынан көрінген жас спортшыға жауырының жерге тимесін дейміз!
«Өскен өңір» ақпарат