Түркістандық жасөспірімдер облыстық турнирде бақ сынасты
Түркістан облысы, Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен турнирге 9 салмақ бойынша 100-ге тарта жас спортшы қатысып бақтарын сынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласының 49 жылдық мерекесін тиісті деңгейде атап өту ісі әлі де жалғасын табуда. Аталмыш мерекеге орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Жетісай қаласының 49 жылдық мерекқаладағы «Күлбала» спорт кешенінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастырумен 2004 – 2007-жылғы туылған жасөспірімдер арасында спорттың бокс түрінен облыстық ашық біріншілік болып өтті. «Дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы» айдарымен жалауы көтерілген байрақты бәсекеге Шардара, Төлеби, Мақтаарал және Жетісай аудандары мен Шымкент қаласынан 9 салмақ дәрежесі бойынша 100-ге тарта жас спортшы қатысты. 4 күнге созылған облыстық турнирде шаршы алаңдағы боксшылардың еркін қимылынан табанды жаттығу мен бапкер бабы айқын аңғарылды. Жақсы ойын көрсетіп, өз дәрежесінде жүлделі орындарға ие болған жас спортшыларымыз ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі басымдықта - салауатты өмір салтын бірінші кезекте балалар мен жастар үшін насихаттау, салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтанудың стандарттарын әзірлеу және енгізу, спорттық - сауықтыру ғимараттарының желісін кеңейту және бұқаралық спортты дамыту, зиянды әдеттерге қарсы күрес жөнінде талданып өтілді. Спортта шыныға жүріп шыңдалатын жасөспірімдердің бұл турнирдегі батыл қадамы әлемдік ареналарда еліміздің көк байрағын желбіретер жеңісті қадамдарының бастамасы болады деген сеніміміз мол.
ERNUR.KZ