Энергетиктер еңбегі еленді
Энергетика саласы – адам өміріне ауадай қажет мамандық. Ұдайы тиянақтылық пен ұқыптылықты қатаң қағидаға айналдырған энергетиктер қателікке жол бермеуді басты назарда ұстайды. Қапелімде орын алған қателік орны толмас шығынға ұшыратады. Көзге көрінбейтін, иісі шықпайтын, өздігінен ұстап көре алмайтын тоқтың қуаттылығы жоғарылаған сайын адамға да қауіптілік еселенеді. Әр істі елеп-екшеп, сақтықты назарда ұстап, мұқият жоспарлау – кәсіби маманның міндеті. Орынсыз олқылықты болдырмау үшін жұмыс кезінде түбегейлі ұтымды шешім қабылдау маңызды. Өйткені электр жүйесінің тұйықталуы мен зақымдалуын уақытында қалыпқа келтіруде түрлі қиындықтар кездесетіні рас. Міне, дәл осы салада жүрген қызметкерлердің елеулі істерін қалай мадақтасақ та жарасады.
Таяуда аудандағы барлық нысан мен тұрғын үйлердің жылу, жарықпен қамтылуына күш салып жүрген азаматтар кәсіби мереке қарсаңында марапатталды. Энергетиктер күніне орай өткен мерекелік жиын барысында аудан басшысы Айтбай Жандарбеков сала мамандарын ерекше ықыласпен құттықтады.
Таяуда аудандағы барлық нысан мен тұрғын үйлердің жылу, жарықпен қамтылуына күш салып жүрген азаматтар кәсіби мереке қарсаңында марапатталды. Энергетиктер күніне орай өткен мерекелік жиын барысында аудан басшысы Айтбай Жандарбеков сала мамандарын ерекше ықыласпен құттықтады.
– Энергетика – кез келген экономиканың алтын өзегі. Өндірістік сала мен барлық мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің үзіліссіз жұмыстары, тұрғын үйлердің жылуы мен жайлылығы, халық тұрмысының сапасы – осының бәрі өздеріңіздің күрделі еңбектеріңіздің жемісі. Энергетик – бұл шын мәнінде мақтануға тұрарлықтай кәсіп. Әрине аудан экономикасының қарыштап дамуына, өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына елеулі еңбек сіңіріп отырған энергетика саласы мамандарының еңбектері өлшеусіз екендігін атап өткен жөн. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысын бастауға Республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ 10 елді мекеннің электрмен қамту желілерін жөндеуден өткізуге атап айтқанда Алмалы, Бестам, Ақмая, Байсын, Тұрсынбай датқа, Бәйгеқұм, Жөлек, Ш.Қодаманов, Ы.Жақаев, Алғабас ауылдарына демеушілердің есебінен ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Аталған жобаларды қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне және Ұлттық экономика министрліктеріне бюджеттік өтінім берілді, – деді А. Насриддинұлы.
Басқосу барысында энергетика саласының мамандары мен еңбек сіңірген қызметкерлеріне, саланың бастау алған сәтінде тынымсыз еңбектерімен оның дамуына зор үлес қосқан ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерекелік медалімен 10 ардагер марапатталса, ал аудан әкімінің Алғыс хатымен 12 қызметкер құрмет төрінен көрінді.
Ендігі кезекте, энергетика саласында атқарылған істер мен алдағы орындалатын жоспарды да айта кетейік. Бірінші кезекте аудан бойынша электр желілеріне түгендеу, құжаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауданда 490 дана КТПН бар. ВЛ – 35 кВ –195 км, ВЛ –10 кВ – 434 км, ВЛ – 0,4 кВ – 516 км барлығы 1145 км электр желілері бар.
Оның бүгінгі күнге 78 пайызының тозығы жеткен. Осы ретте 2023 жылы 22 ауылға 22 дана трансформаторлар алынды. Шиелі кентіндегі жоба құны 808 млн теңге болатын электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне 2023 жылы 100 млн теңге, осы жылы 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады.
Шиелі кентін толық үздіксіз және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында электр желілерін қайта құрылымдаудың ІІ кезеңін жүзеге асыру үшін демеушілер тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Екінші кезеңде 22 көшеге 37,4 шқ. 0,4 кВт әуе желісі, 1,8 шақырым 0,4 кабель желі, 24 көшеге 59 шқ. 10/0,4 кВт әуе желісі, 2,7 шқ. 10/0,4 кВт кабель желі тартылады. 24 көшеге 10/0,4 кВт 23 дана қосалқы станция орнатылады. Екі кезең толығымен жүзеге асырылған жағдайда аудан орталығындағы 38 мың тұрғын сапалы электр энергиясын тұтынатын болады.
Сонымен бірге жобалық құны 4,5 мрлд теңге болатын Шиелі ауданының бас қосалқы станциясын (220/35/10кВ) қайта жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Ал жылына бір келетін төл мерекеде энергетиктер ән мен күйге бөленіп, естелік суретке түсіп тарқасты.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ