Жарық берушілерге құрмет көрсетілді
Кез келген мемлекеттің күш-қуатының басты көрсеткішінің бірі саналатын энергетика – ел экономикасының базалық саласы болып табылады. Оны экономиканың күретамыры, тірегі деуге әбден лайық.
Энергетика – заңды түрде экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Аталмыш сала мамандары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономика мен өндіріс өнімдерін жаңғырту бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың қойған міндеттерін жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді. Энергетика мамандары халық пен кәсіпорындарды жылумен, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету және оның сапасын арттыру үшін аянбай еңбек етеді. Уақытпен санаспайды. Осының нәтижесінде, аудан экономикасы үдемелі даму үстінде. Әр үйдегі жарық пен жылу, техника жұмысы, ХХІ ғасырдағы адамзаттың өмір сүру мүмкіндігі осы сала мамандарының жұмысына тікелей тәуелді.
Кәсіби мереке қарсаңында үздіктердің үздігі – аудандағы энергетика саласын қамтамасыз етіп отырған мекеме басшыларын аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қабылдады. – «Биылғы жылды табысты аяқтап отырмыз, қыруар қаржыға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аудан көлемінде желілер жаңартылып, көшелер жарықтандырылды. Бұл дегеніміз аудандағы электр жүйесі қызметкерлерінің жұмысын адал атқаруы, еңбегінің бағалануы деп білемін. Барлығына ризашылығымды білдіріп, барша энергетиктерді мейрамымен құттықтаймын. Дегенмен, алда жоспар көп, жұмыс бастан асады» – деген аудан басшысы алдағы жылдарға табыс тіледі.
Осылайша, энергетика саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерінде әкімнің қабылдауында болып, салтанатты түрде атап өтті. Өңір халқын жарықпен үздіксіз қамтамасыз етуде ерен еңбек сіңірген мамандар арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Ж.Ноғайбайқызы.