Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨСКЕН ӨҢІР» 85 ЖЫЛ: ТАРТЫСТЫ ТУРНИР

ӨСКЕН ӨҢІР» 85 ЖЫЛ: ТАРТЫСТЫ ТУРНИР

Спорт – денсаулық кепілі. Қазіргі таңда спорт бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқан аудандардың қатарына Шиелі ауданы да кіреді. Жастар да алтын уақытын құр өткізбей, салауатты өмір салтын ұстауға бет бұрғаны көңіл қуантады. Соның бір көрінісі ретінде жақында «Ел намысы» спорт клубы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен денешынықтыру-сауықтыру кешенінде волейболдан аудандық ашық турнир өтті. Аталған шара ауданның айнасы «Өскен өңір» газетінің 85 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Спорттық сайысқа 2012-2013 жылы жасөспірімдер және 2010- 2011 жылғы қыздар қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов, ҚР-ның Құрметті спорт қайраткері Садық Ермағанбетов пен ауданның төл басылымы атанған газеттің бас редакторы Нұрболат Пірімбет сөз алып, жарысты ашып берді. – Биыл аудан журналистикасы үшін ерекше мерекелі жыл деп айтуға болады. Өйткені «Өскен өңір» газеті – Шиелінің тұнып тұрған шежіресі. Газет өзінің 85 жылдан астам ғұмырында осы мекенде атқарылған игі істер мен ізгі тілектердің, қызығы көп, қиындығы мол кезеңдердің куәгері. Бүгінгі турнир де осы газеттің мерейтойына орай ұйымдастырылды. Сол себептен аталған жарысқа келіп, қатысқан барлық қатысушыға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Б.Абдулхайысұлы. Тартысты әрі қызықты өткен сайысқа Түркістан, Жамбыл облысы, Қызылорда қаласы және аудандарынан командалар қатысты. Жалпы 250-ге жуық жасөспірім турнирге дайындықпен келген. Ұлдарда 9 команда болса, қыздарда 12 команда болды. Бірінен-бірі озған ойыншылар жеңісті оңай бермеді. Бір-біріне лайықты қарсылас бола алған турнирде қатысушылар жанкүйерлердің көзайымына айналды. Шын мықтылар ғана олжалы қайтқан турнир көптің көңілінен шықты. Нәтижесінде ұлдар арасында өз қайсарлықтарымен көзге түскен түркістандық команда III орынға табан тіресе, жалағаштық команда II орынды иеленді. Ал Шиелі командасының асығы алшысынан түсіп, I орынмен марапатталды. Қыздар да волейбол ойынынан осал емес екенін дәлелдеді. Қорытындысында ІІІ орын жаңақорғандық командаға бұйырса, II орынға Жалағаш ауданы лайықты деп саналды. Жүлделі I орынды Шиелінің қыздары жеңіп алды. Өтепберген Әбдраманов, турнирдің бас төрешісі: Балалардың деңгейлері жаман емес. Менің ойымша, ауданда волейбол ойыны одан әрі дамысын десек, осындай турнирлерді жиі өткізіп тұру керек. Спорттық шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа қызығушылықтарын ояту. Өңірде жылдан жылға волейболмен айналысатын жастар көбейіп келе жатыр. Санжар Бағдатұлы,турнирге қатысушы: Негізі волейболға бала кезімнен қызықтым. Тоғыз жасымнан бас тап жүйелі түрде айналыса бастадым. Жаттығуды үзбейтінмін. Үнемі жақсырақ ойнауға тырысамын. Бүгінде талай жарыстарға қатысып, волейболдан жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Міне, бұл турнирден алған жеңісіміз де үлкен жетістігіміз. Бұл – жатттықтырушымыз Өтепберген Әбдрамановтың тынымсыз еңбегінің жемісі деп білеміз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

25 қараша 2024 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930