МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Шиелі ауданында іс-сапарда болып, жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл нысан құрылысын мердігер мекеме «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-гі жүргізуде. Құрылысты жүргізу мерзімі 2024 жылдың тамыз айынан – 2025 жылдың мамыры. Екі қабаттан тұратын бұл ғимараттың қазіргі таңда жұмысы қарқынды жүруде. Мәжіліс депутаты құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеменің өкілдеріне құрылыс материалдарының сапалы болуын, жұмыс күшін көбейтуді және құрылыс жұмыстарының баяу жүрмеуін, құрылыстың сапалы жасалып, уақытылы аяқталуын, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды. Құрылыс қарқыны жоғары. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді атап өтті. Мұнан соң депутат Мархабат Жайымбетов «Ауыл аманаты» жобасы аясында тәулігіне 2 тонна қызанақ пастасын шығаратын цехтың жұмысымен танысты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында беріліп жатқан 2,5 пайыздық несиелеу бағдарламасы арқылы Шиелі ауданынан жалпы соммасы 584 млн. теңге болатын 79 жоба қолдау тапқан. Аталған жобалардың арасындағы ірі жобаның бірі осы томат өңдеу цехы. Жалпы жобалық құны 48 млн. теңге болатын цехтың жұмысын бастамақ болған жеке кәсіпкер Қанат Мұсаев төрағалық ететін «Барлыбай и K» өндірістік кооперативі «Ауыл аманаты» жобасын естіп, жоба арқылы төмен пайызбен 27, 6 млн. теңге қаражат алған. Бүгінде цехта 6 адам жұмыс істейді. Жаз айларында 15 адамға дейін жұмыспен қамтып, өндірісті кеңейтуді көздеп отыр. Мәжіліс депутаты кәсіпорынның жұмысымен толықтай танысып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.