Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫ ТИІМДІ ИГЕРІЛУІ ҚАЖЕТ

МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫ ТИІМДІ ИГЕРІЛУІ ҚАЖЕТ

Өткен жұмада арнайы жұмыс сапарымен Парламент мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Ергешбаев пен Мархабат Жайымбетов Шиелі ауданына ат басын бұрды. Басты мақсат – бұқарамен байланысып, ауданда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу.

Алдымен, Парламент мәжілісінің депутаттары аудан әкімі Нұржан Ахатовпен бірге «Ерекше санаттағы азаматтарға арналған 123 тұрғын үй» құрылысының жұмысымен танысты. Айта кетейік 2024 жылға 21 тұрғын жай сатып алуға ҰҚ-дан 266,9 млн теңге бөлінген болатын. 1 пәтердің жалпы алаңы – 64 м2, бір пәтер құны 12,713 млн теңге. Қосымша 102 пәтерге (бір пәтер құны – 14 млн 806 мың теңге) облыстық бюджеттен 1 млрд 510 млн 252 мың теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда барлық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Құрылыс басынан табылған Парламент мәжілісінің депутаттары саннан бұрын сапаға мән беріп, тұрғын үйдің қабырғасы берік қалануы керектігін сөз етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп, осы реттегі жұмысымызға бағыт көрсетті. Баспана қалың көпшіліктің тұрмыстық қажеттіліктерінің ең негізгісі болғандықтан, мемлекет тұрғын үйге мұқтаж жандарды қамтамасыз ету үшін барынша қолдау білдіріп келеді – деді М.Жайымбетов.
Аудан тынысымен таныс болған Парламент мәжілісінің депутаттары аудан әкімі Нұржан Ахатовпен бірге Бестам ауылдық округіне табан тіреді. Онда биыл басталған 150 орындық клубтың құрылыс жұмыстарын көрді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шиелі ауданында барлығы 5 партиялық бақылау бекеті ашылған болатын. Осындай нысандардың бірі, яғни партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бастау алған клуб құрылысының жобалық құны – 431,0 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын мемлекеттік сатып алу аясында жеңімпаз болып танылған бас мердігер – «СК Дәнекер» ЖШС жүргізуде. Авторлық қадағалаушы «ПроектСервис» ЖШС болса, техникалық қадағалау «ARTERIA» ЖШС-нің жауапкершілігінде.
– Мамыр айында басталған құрылыстың бүгінгі таңда 30 пайыздан астам жұмысы аяқталды. Бұйырса осы жылдың қараша айына дейін құрылысты толық аяқтаймыз – деді мердігер.
Құрылысшылардың сөзіне құлақ түрген фракция мүшелері жұмысты сапалы жүргізіп, мемлекет қаржысын тиімді игеру қажеттігін тілге тиек етті.
Іссапар барысында кент ішіндегі №252 мектептің жанынан салынып жатқан қосымша 375 орындық ғимараттың құрылыс жұмыстарын да бағдарлап өтті. «Бұл нысан құрылысын мердігер мекеме «Ахат+ГС» ЖШС жүргізуде. Үш қабаттан тұратын бұл ғимараттың, қазіргі таңда екінші қабатының жұмыстары басталған. Нысанды осы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр» деді аудан әкімі Н.Ахатов.

Мәжіліс депутаттары құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеменің өкілдеріне құрылыс материалдарының сапалы болуын, жұмыс күшін көбейтуді және құрылыс жұмыстарының баяу жүрмеуін, уақытылы аяқталуын, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар фракция мүшелері жаңадан бой көтерген «Бақыт арена» спорт кешеніне бас сұқты. «Береке» мөлтек ауданындағы «Бахыт» арена спорт кешенінің құрылысы 2023 жылы басталып, қазіргі таңда бітуге жақын. Аудан жастарын спортқа баулитын құтты мекеннің іргетасын жеке кәсіпкер Базаркүл Жеңсікбаева қалаған. Заман талабына сай салынған нысанды жеке кәсіпкер 550 000 000 теңге жеке қаражаты есебінен соғуда. Мәжіліс депутаттары Базаркүлдің ел игілігі үшін қызмет жасап жатқанын көріп, оң бағасын берді.
Жолдың жайы назардан тыс қалмады
«Жолдың жайын жүрген білер» демекші ҚР Парламенті мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Ергешбаев пен Мархабат Жайымбетов Шиелі кентіндегі Тәуелсіздік көшесіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады.
Аталған көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық құны 348 млн 975 мың теңге болатын жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Жобалаушы «Димаш Сервис» ЖШС болса, мемлекетік сатып алу жұмыстарына сәйкес «Ақтоған» ЖШС жеңімпаз атанып, өз жұмысын бастап кетті.
– Жоба аясында 56 дана түнгі жарық бағанасы, 1780 метр жаяу жүргіншілер жолын орнату қарастырылған. Жуырда жұмыстар толығымен аяқталады – деді аудан әкімі Н.Ахатов.

Ардагерлердің айтарына құлақ түрді
Аудандағы ахуалды саралап, құрылыс қарқынын бағамдаған фракция мүшелері Мұрат Ергешбаев пен Мархабат Жайымбетов ауданның айтары бар ардагерлерімен кездесті.
Кездесу барысында фракция мүшелері елдегі азаматтардың жағдайын көзбен көріп, ауылдық елді мекендерді дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында мемлекет тарапынан жасалып отырған жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылуын, сонымен бірге ашық пікір алмасу арқылы жергілікті жерлердегі негізгі мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру мақсатында келгенін сөз етті.
– Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Бүгінде «100 мектеп, 100 аурухана», «Ауыл – ел бесігі», «Қолжетімді баспана», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!», тағыда сол секілді бағдарламалар біршама жылдан бері жүзеге асырылып, ауыл-аймақтың даму үдерісі назарға алынып келеді. Өңіріміздің көптеген аймақтарында ауызсу, жол, газдандыру, мектеп, балабақша сынды түйткілді мәселелер шешіліп, ауыл халқының тыныс-тіршілігінде жаңа бір леп пайда болғандай – деп фракция мүшелері оң бағасын берді.
Ардагерлер елдің аузында жүрген көкейтесті мәселелерді көтеріп, тілге тиек етті. Халық қалаулылары өзекті мәселелерді назарға алып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
11 шілде 2024 ж. 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031