Қызылорда қаласында 7 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр
Сыр өңірінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл барлық қаржыландырудың есебінен 692 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сәйкесінше, 6 айдың ішінде 318 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Жалпы облыста 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Оның тоғызы аудандарда салынып жатыр. Ал қалған 17 тұрғын үй Қызылорда қаласында орналасқан. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында БАҚ өкілдері құрылысы жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жұмысымен танысты.
– Қазіргі таңда шаһарымыздың сол жағалауында 16 тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде 6 тұрғын үй жеті қабатты болса, қалғаны 5 қабатты үйлер. Бұл тұрғын үйлердің барлығы заманауи бағытта және жаңа технологиялардың көмегімен салынуда. Құрылысы жүріп жатқан 7 қабатты тұрғын үй – 84 пәтерлі болса, 5 қабатты үйлерде – 470 пәтер қамтылмақ. Осы тұрғын үйлердің құрылысы 2024 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен мың пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға сатып алу құқығынсыз берілетін болады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәди Әліп.
Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 37 284 шаршы метр болса, бір тұрғын үйдің ауданы – 6 213,9 шаршы метрді құрайды.
– Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы сәуір айында басталған болатын. Қазіргі таңда бригадалық топ құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жеті қабатты тұрғын үйлердің жауапты мердігері – «Аман Құрылыс» ЖШС. Осы тұрғын кварталдың инженерлік желілеріне жобалық-сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды, – деді қала құрылысы бөлімінің маманы Мәулен Бөбетаев