Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Арал ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады

Облыс әкімі Арал ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады



Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Аймақ басшысы «Тоқабай – Абай» ауыз су желісі құрылысын бастау жұмыстарымен танысты. Бас мердігер – «САПА-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС ұзындығы 169,1 шақырым сумен жабдықтау желісінің құрылысын 2025 жылдың сәуір айында аяқтамақ. Нұрлыбек Машбекұлы жұмысты сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Әрі қарай облыс әкімі Жақсықылыш кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Кешен құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде, жобаның келісім-шарт құны 192,7 млн.теңге. Белгіленген мерзімінен кешіктіріліп жатқан нысан болғандықтан облыс әкімі мердігер мекеме басшысына жұмысшы санын көбейтіп, құрылысты 15 қыркүйекке дейін аяқтауды жүктеді.
Одан әрі аймақ басшысы Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектептің құрылысымен де танысты. Мектеп апаттық жағдайда деп танылып, былтыр демеушілік есебінен жаңа ғимарат салына бастады.

Облыс әкімі білім ұясын оқу жылының екінші тоқсанында толық аяқтап, ел игілігіне тапсыруды міндеттеді.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда Сыр өңірінде 100 млрд. теңгеден асатын қаржыға 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның 4-еуі Арал ауданында бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, оның екеуінің іргетасы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде қаланады.

Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Қазір Қызылжар, Бөген ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізілуде.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
09 тамыз 2023 ж. 238 0