Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМНЫҢ МЕРЕЙЛІ ЖЫЛЫ

МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМНЫҢ МЕРЕЙЛІ ЖЫЛЫ

Шежірелі өлкедегі абыз басылым – «Өскен өңір» газетінің 85 жылдығы барша көзіқарақты оқырманның тойы. 1939 жылдың 19 наурызында алғаш рет «Стахановшы» атымен 1000 дана тиражбен газеттің бірінші нөмірі жарық көріп, Жаңақорған ауданының баспаханасынан латын харпімен басылып, Шиелі халқына таратылды. Әрине, оқырман алғашқы өз газетін қуана, қызыға қабылдады. Міне, содан бері түрлі өзгеріске ұшырап, аты да үш рет ауысып, бүгінгі күнге де жетті. Кең ауқымды қамтыған газеттің көтерген жүгі де ауыр, журналистердің де жауапкершілігі зор болды. Сол уақытта қызмет атқарып, басылымның деңгейін көтеруге атсалысқан аға буын әріптестерді газеттің бүгінгі бас редакторы Нұрболат Пірімбет былайша еске алады...

– Тарихтың талай бетін қаузап, айшылық алыс жерден хабар алып, хабар таратып жүргенде 85 жыл уақыт болыпты. Бұл да бір мерейлі мезет. Осы жылдар арасында аталған газетте талай тарланбоздар, майталмандар еселі еңбек етті. Өз кезегінде газет ұжымы жаңарып, қаламы ұшқыр қаламгерлермен толығып отырды. Жалпы Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан бастау алады. Сол жылдың 19 наурызында «Стахановшы» деген атпен қазіргі «Өскен өңірдің» алғашқы саны жарық көрді. Басылымның алғашқы редакторы Мәді Молдыстамов болды. Одан кейінгі жылдары О.Нұрхабаев, Б.Уызбаев, О.Шілдебаев, Ж.Шөкенов, М.Шәменов, А.Сопыбеков, Ж.Сатыбалдиев, М.Арысбаев, Қ.Әбенов, Р.Нұрекеев, Ж.Шәукебаев, Д.Смайылов, З.Жайлыбай сынды білікті басшылар үнжарияның тынысын кеңейтіп, халыққа ақпарат таратудың көшін тоқтатпады. Мұқым елге мәлім Алтай Айып та аудан айнасының абыройын арттыру жолында сүбелі еңбек етті. Өңірдегі өлі тіршілікке жан бітіріп, ақсаған тұсын қалам ұшына салған редактордың бірі болды. Сондай-ақ бүгінде қаламын қолынан тастамаған Өркен Исмаил, Дүйсенбек Аяшұлы да аудандағы абыз басылымға басшылық жасады. Жыл басынан бері аудандық газетте көптеген сын, ұсынысқа негізделген мақалалар жарияланды. Бұл дерек газеттің әрбір екінші нөмірі қоғамдағы кезіккен өзекті мәселені айналып өтпей, мәселе етіп көтеріп, атқарушы билікке ұсыныспен шығып отырады деген сөз. Иә, газет шығару, қоғамдағы өзекті мәселені астарлап жеткізу, ой салу оңай шаруа емес. «Халыққа қызмет – абыройлы міндет» деп білген қызметкерлер кез келген мәселені қалам ұшына салып, қаузап келеді. Білікті бас редактордан басылымның бүгінгі бейнесін сұрағанымызда былай деп жауап қатты.
– Әр кезеңнің тарихи жылнамасын тасқа қашап қалдырған басылым бүгінгі күннің жаңашылдықтарына да үн қосқан. Ең алдымен осыған тоқталғым келеді. Заман ағымына қарай аудандық газет те жетіліп, форматы мен дизайны өзгерді. Қазір жаһандану заманы салғырттықты емес, алғырлық пен шапшаңдықты талап ететін кезең. Газет баспаханадан шыққан сәттен енесіне еміренген құлындай қалың оқырманға жетуге асық тұрады. Оқырмандар үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде «Өскен өңірдің» өрісі кеңи түсіп, баспаның жанынан газеттің электронды нұсқасы, яғни сайты ашылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де арнайы парақшамыз бар. Мәселен, инстаграмда күнделікті ақпараттармен жылдам бөлісіп, оқырманға тағы жақындай түстік. Бүгінде инстаграмдағы оқырман саны 15 мыңға жетті. Ол жерде тек ауданның жаңалықтары ғана емес, әлемдік, республикалық, облыстық деңгейдегі ақпаратқа да қанық бола аласыздар. Бұл әсіресе, елден жырақта, алыс облыс пен шетелде жүрген жерлестерге үлкен сый болды десек артық айтқандық емес. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі жүз жылдық. Өткен бірнеше жылдың ішінде білгір де білімді, тәжірибелі мамандар зейнетке шығып, редакцияда жас мамандар қатары артты. Атап айтар болсақ, газет бетін әрлеуден бастап, жауапты хатшы қызметін атқарған Ұлзада Идаятқызы, 30 жыл басылымның корректоры қызметін атқарған Айнагүл Өрікбайқызы, есепші қызметін атқарған Бибізада Бегімбетова, сан жылдар бойы мерзімді басылымның қазанында қайнаған Сәуле Алдажұманованың орны бөлек. Бейнетінің зейнетіне шығып, я болмаса басқа сала мен басқа қалада қызмет етіп жүргендер әлі күнге дейін «Өскен өңірім – өз үйім» деп, осы шаңырақтан шыққанын, тәрбие алғанын мақтана айтады. Мысалы, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ағайдар Ысымұлының ауылдан жырақтағанына қанша жыл өтсе де, газет бетінен мақаласы үзілген емес. Өркен Исмаил – зейнет жасында болса да редакция ұжымының бір мүшесі. Мақаласын іздейтін оқырмандар да жеткілікті. «Өскен өңір» газетінің бас маманы Абылайхан Сақтағанов, ұжымдағы баспасөзге жаздыру және тарату бөлімінің баспасөз маманы Күләш Мырзаева, жаздыру және тарату бөлімінің менеджері Эльвира Ахметова, фототілші Бақытжан Бәйімбет редакцияның суығына тоңып, ыстығына күйген жандар. Бұл кісілерсіз газеттің жұмысын елестету тіптен қиын. Ал редакцияның жүрегі болып табылатын шығармашылық ұжым жүз пайыз жасарған. Редактордың орынбасары Гүлнәр Дүйсебай, тілшілер Сұлушаш Мадиярова, Мейіржан Ибрагим, Айнұр Ибрашева мен Таслима Әлішер жиырма мен отыз жастың арасындағы жайқалған кіл жастар. Сонымен қатар бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болса да Гүлхан Яхияның да қаламы қуатты. Осы күнге дейін мақалаларын үзген емес. Редакциядағы қайсыбір маманды алсаңыз да, үнемі ізденіс үстінде. Мамандықтарына һәм өз жұмыстарына деген ынта-ықыластары жоғары. Елдің, жердің, халықтың, жұрттың жоғын жоқтап, түгесілгенін түгендеуге атсалысып, кемшілік көрсе, қара немесе төре деп теріп жазбай тура жазып, тер төгіп еңбектеніп келеді. Түйіндей келе, жүректің төрінен о р ы н а л а б і л г е н «Өскен өңір» жанашыр оқырманымен әрдайым бірге! Ол, о баста әр қазақтың шаңырағынан табылам деп өмір есігін ашты. Сексен бес жылдан бері әр әулеттің ақеділ досына айналды. Енді ғұмыры мыңжылдықтарға созылсын десек, сіз болып, біз болып басылымның дамуына үлес қосайық. Сонда ғана еңсесі биік, іргесі бүтін болмақ. «Құдай сәтін салсын «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік. Бұдан артық аталы сөз, дуалы уәж болмас. Біздің ұстаным да осы, бола береді де!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
01 шілде 2024 ж. 218 0