Басылымның бас редакторлары
1939 жылдың 19 наурызында «Стахановшы» деген атпен қазіргі «Өскен өңірдің» алғашқы саны жарық көрді. Оның дүниеге келуі осы өңірдің көз қуанышына айналды, соңы жаңалық, елеулі оқиға болды. Алғашқы таралымы 1000 данамен жарық көрген жаңа газет оқырман көңілінен шығып, жұрт бұл басылымды асыға күтетін жағдайға келді. «Стахановшы» газеті латын әрпімен шығып тұрды. Алғашқы кездерде газеттің жүздеген сандарын аяқпен басатын машинамен шығару, газет версткаларын қолмен жасау, қорғасыннан әзірлеген әріптерді орналастыру әсте оңай болмаған. Қиындықтарды үлкен төзімділікпен, шеберлікпен жеңе білген. Газеттің тұла бойынан ауыр еңбектің ащы иісі аңқып тұр. Оның әрбір беттерінен алысқа, асқарға шақыра берер сан қилы оқиғалар бар.
Сондықтан басылымның тарихынан ойып тұрып орын алатын редактор Мәді Молдыстамовтың еңбегін ерекше атау ләзім. Өйткені, ол «Стахановшы», яғни қазіргі «Өскен өңір» газетінің ең алғашқы редакторы, аудандық газеттің негізін қалаушысы, басылымның сүрлеуін салған азамат. Тыңнан түрен тартқан тұңғыш редакторға шиеліліктер қарыздармыз, ұстаз санап, қадірлейміз. Содан кейін әр жылдары «Стахановшы», «Коммунизм жолы», «Өскен өңір» газеттерін жемісті басқарған Орман Нұрқабаев, Баймахан Уызбаев, Рахмет Нүрекеев, О.Шілдебаев, Жарылқасын Шөкенов, Мөрәлі Шәменов, Төлеш Ахметов, Әбдірәш Сатыбалдиев, Қалқабай Әбенов сынды басшылардың да есімін ұмыт қалдыруға болмас. Бұқаралық ақпарат құралдарын басқару оңай іс емес. Халық пен билік тұратын таразыны тең ұстап, тең шындықпен, адалдықты ту ету – екінің бірінің қолынан келе бермес дүние.
«Өскен өңір» өзінің тарихында әр кезеңнің жетістіктерін, қиындықтарын ортаға салды. Сол, 1963 жылы өзінің бүгінгі атына ие болуы үшін аянбай тер төккен редактор Дүйсенбі Смайлов газеттің бүкіл ұйымдастырушылық жұмысын жандандырып, оның қаз тұрып, қалыптасуына тікелей атсалысып, кейін аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы болып кеткенімен, артында үлкен із қалдыра білді, газет жұмысын жандандырды. Шындығын айтуымыз керек, газет редакторының қай-қайсысына болсын, басшылық ету оңайға түскен жоқ. Қиын кезең, асыра сілтеу, репрессия, тұралаған шаруашылық, сұрапыл соғыс, елді қалпына келтіру, тағы сол секілді дүниелер толып жатты. Алайда, бастаған істі аяғына жеткізу, газет беделін көтеру, оның халыққа пайдалы қызмет көрсетуі үшін білімі мен жігерін, қайрат күшін аянып қалмаған редактор Дүйсенбі Смайловтың орны бір бөлек. Сонымен қатар газетті 30 жыл басқарған Зәкім Жайлыбаев басылым бетіне басқаша леп әкелді. Осы редактор тұсында ұжымда жас журналистер көбейіп, газеттің екінші тынысы ашылды. Газет беттерінде тартымды мақалалар өзінің лайықты орнын алды.
Күнделікті кезекті мақалалармен қатар, өткір жазылған материалдар да көбейе бастады. Газет беделінің өсуі батыл, принципшіл редакторлардың іскерлігі мен журналистердің біліктілігімен де көрініс тапты. Өмір ағысын, ел мен жер тарихын өз заманына қарай өрнектеп, өшпестей өнегелі із қалдырған «Өскен өңір» газетін мәуелі бәйтерекке теңесек, соның қашанда бояуын жоғалтпайтын жапырақтарындай жарқын болуында Минер Арысбаев, Алтай Айып, Дүйсенбек Аяшұлы сияқты білікті редакторлардың еңбегі өлшеусіз. Өзіндік өнегесімен «Өскен өңір» газетінде ерекше орны бар редакторлардың бірі Өркен Исмаил бүгінгі күні де қаламын қолынан тастамай, қоғамдағы өзекті мәселелерге өзіндік үнін қосып отырады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ