ТАРИХТЫҢ АҚТАҢДАҚ БЕТТЕРІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Мұқым елге мәлім, XX ғасырдың басында қазақ жұрты аса ауыр қасіретке толы кезеңді бастан өткерді. Халықтың тең жартысына жуығын еріксіз жалмаған осынау нәубет жөнінде талай сұмдықтың ашылып, шындықтың айтылғаны рас. Басқа түскен бәледен арылып, ақтаңдағын ақтап алуды мұрат еткен мемлекет 1997 жылы 31 мамырды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп бекітті. Бұл – қыспаққа ұшырап, қылмыстарда айыпталған, бостандығы мен өмірінен айырылған мыңдаған отандасымыздың рухына тыныштық тілеп, құрмет тұтатын уақыт.

Шыны керек, зобалаңның зиянын көрген ұлтымыздың сондағы арманы – азаттық болатын. Бүгінде үлкен соққыға төтеп берген ақтаңдақтардың, тәуелсіздік жолында құрбан болған тұлғалардың көздеген мақсаты орындалды. Қаһарман қазақ қайғыға кеудесін тосып, қасіретті қыран қанатты қос иығымен көтеріп жеңді. Еліміз қазіргі таңда әр жыл сайын мамырдың соңғы күнінде саяси қуғынсүргін һәм аштық құрбандарын құрметпен еске алады.
Мемлекет басшысы айтулы датаға орай өзінің әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында:
– Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз, – деген болатын.
Ендеше, жазықсыз жапа шеккен сансыз боздақтың бастан кешкен нәубеті, тарихтың теперішті жылдары ұмытылмауға тиіс.
Бір минут үнсіздік...
Халқымыз үшін тағылымы мол тарихи күнге орай ауданның орталық алаңында арнайы митинг өтті. Шиеліліктер туған жердің топырағын жастану бұйырмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов бастаған зиялы қауым өкілдері олардың аруағына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев марқұмдар рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта қырғынға ұшыраған есіл ерлердің, алаш алыптары мен арыстарының рухы алдында ілтипат білдіру – баршамыздың алдымызда тұрған еңселі борышымыз. Расында, осы бір толғаулы тарих қатпары бізді бұрынғыдан алғыр, кешегіден кесек болуға үнсіз үндейтіндей.
Ел үшін жазықсыз құрбан болған азаматтардың рухына мың тағзым болсын!
Таслима ӘЛІШЕР