Елімізде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері аталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын еске сақтау арқылы кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі – тәуелсіздіктен бастау алады», – деген болатын.
Жазықсыз жапа шегіп, зұлмат жылдардың құрбанына айналған боздақтарды еске алу үшін Сыр халқы әдеттегідей Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш басына жиналды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зиялы қауым өкілдерімен бірге нәубетке ұшырағандар рухына тағзым етті.
Мұнда жиналғандар боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы топ өкілдері, қала тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мұнан кейін облыстың бас имамы Болатбек Әбуов құран бағыштады.
Сондай-ақ облыс әкімі «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде құрбандардың рухына құран бағыштау шарасына қатысты.
Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында орын алған саяси оқиғалар миллиондаған адамның өмірін қиғаны аян. Деректер бойынша жаппай ашаршылыққа 3 млн-ға жуық қазақстандық тап болса, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылған. Бұл қасірет Сыр елін де айналып өткен жоқ. Архив мәліметтеріне сүйенсек, тоталитарлық жүйе жүргізген саясат салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшыраса, 1153 адам атылған.
Жазықсыз құрбан болғандардың есімдерін ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән бере ұғыну – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА