Өткенге тағзым – елдік парыз
31 мамыр – тар жолда тайғақ кешіп, ұлтының қамы үшін азар да безер болып, от кешкен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл жайында Елбасы 1997 жылы өзінің Жарлығында жария еткен болатын. Қатал да қасіретке толы бұл күн өткенді еске түсіріп, көзге жас шиырлатады. Ұлы террорлық әрекет қазақ баласын аямай орға жығып, тірідей құздан итерді. Елім деп еміренген қазақ интеллегенциясының бетке ұстар А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев. С.Асфендияров секілді тұлғалары суық қарудың көзіне ілінді.
Қазақ даласының етегіне сор боп жабысқан ашаршылық, нәубет жылдары халқымызды кенедей қырып кетті. Жалпы ақпаратқа сүйенер болсақ, ашаршылық қазақ елінде 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп тұрғын аштықтан көз жұмған. Ал аман алғандары тау кезіп, шекара асып босып, тозып кетті.
Бүгінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргіннің әсерінен мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерін еске алу күні. Осыған орай өткен аптада аудандық полиция бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлескен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты онлайн кездесу ұйымдастырды.
Кездесу «Қуғын сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген адамның халықпен, елмен қоштасу «пролог-қойылымымен» басталып, аудан әкімі Қ.Мүбәрәковтың аудан бойынша қуғын сүргінге ұшырағандар және ашаршылықтан зардап шеккендер жайлы тарихи баяндамасына ұласты. Содан кейін «Оқшы ата» атындағы орталық мешіттің бас имамы Б.Ұлжаев қуғын-сүргін құрбандарына бағыштап Құран оқыды.
Шара барысында орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тұлғалар рухына тағзым» атты виртуалды көрме мен тарихи-өлкетану музейіндегі «Нәубет жылдар – халық қасіреті» атты виртуалды тарихи құжаттық көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ