Қуғын-сүргін құрбандары
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Тұңғыш-Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бұл күні елімізде жыл сайын республика бойынша әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, аталып өтеді.
Қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Әсіресе кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан «Алаш Орда» қозғалысының көптеген қайраткерін тізімге алып отырды. 1928 жылы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сынды 44 «буржуаз ұлтшыл» қамауға алынса, 1930 жылдың қыркүйегінде Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сынды бірқатар қазақтың қаймағы тағы да тұтқындалды (бұл жолы барлығы 40 адам). Олардың бір бөлігі Ресей территориясына ит жеккенге айдалды. Ал 1937-38 жылдары қазақтың көрнекті қайраткерлерінің барлығы репрессияланды. Сондай-ақ респрессия құрбандары ішінде Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Әбілхайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров та бар. Бүгінгі таңда Қазақстанның орталық көшелеріне, мекемелерге осы қоғам қайраткерлері мен қазақтың көрнекті азаматтарының аты берілген.
«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Сондай-ақ 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты деген дерек те бар.
Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері тап болған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан деген дерек бар. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген. Солардың 776-сы Шиелі өңіріне келіп тұрақтаған азаматтар. Бұл туралы аудандық архив мұрағатында деректер сақтаулы. Сондай-ақ 100-ден аса шиелілік зиялы қауым халық жауы деп танылып, тұтқындалған. Бүгінде олардың ұрпақтары өсіп-өніп, елге еңбек етуде. Жуырда саяси репрессия құрбандарын еске алып, олардың ұл-қыздарына аудан әкімдігі тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.
Дегенмен бүгінде кеңес үкіметінің солақай саясаты әсерінен нақақтан қудаланып, жазықсыз жапа шеккендердің көпшілігінің есімдері ұмыт қалып барады. Ел үшін, тәуелсіздік үшін жапа шеккен сол бір арда азаматтарды ұлықтап, зерттеп, зерделеп, есімдерін тарих бетіне тасқа қашағандай жазу бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Г.ЯХИЯ.