Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасірет құрбандары – қазақтың құрметтілері

Қасірет құрбандары – қазақтың құрметтілері




31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн – күллі қазақ жұртының көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. ХХ-ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттерінің бірі. Бүгінгі ұрпақтың борышы – осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау және оларды мәңгі есте сақтау.

Қазақ ұлт болып қалыптасқан кезден бастап талай зобалаң мен дүрбелеңді бастан өткерді. Тарих қойнауында төгілген қан мен ащы тердің, азапқа толы кезеңдердің бізге жетпеген белгілері жатыр. Баяғы жылдарды былай қойғанда өткен жүз жылдықта қазақ халқының басынан кешірген ең бір ауыр зұлматы – ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұшырауы еді. Қазаққа қасірет әкелген сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, жазықсыз атылды, туған жердің топырағынан кетіп, айдауға ұшырады. Қаншама ұлтжанды азаматтар тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. 

Зиялы қауымды, ауқатты адамдарды қуғын-сүргінге түсірген зұлмат жылдардың біз біле бермейтін тұстары жетерлік. Әлі де қасірет құрбандары жайлы шындық толықтай ашыла қойған жоқ. Тарихқа зер салсақ, 1927 жылдан 1953 жылға дейін Кеңес Одағында 40 миллионға жуық адам репресияға ұшыраған. Бұдан бөлек, 3 миллион 770 мыңнан аса адам сотталған болса, 642980 адам ату жазасына кесілген, 2 миллион 369 мың адам 25 жыл бас бостандығынан айырылған. Ал, елімізде 103 мың адам қуғынға ұшыраса, 25 мың адам атылған. Қызылорда облысында да қаншама жан қуғын-сүргін құрбанына айналды. Облыс бойынша  жалпы саны 4 мыңға жуық адам «халық жауы» атанды. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды.

Шиелі ауданында мыңнан аса адам қамауға алынып, бұлардың көбісі жазықсыз атылып кетті. Шиелі аудандық атқару комитетінің берген мәліметтері бойынша, 1944 жылы 95, 1945 жылы 681 азамат жер аударылған.  Ал 2021 жылдың 13 сәуір күні Қ.Мүмбәраковтың басшылығы кезінде Саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде өңірлік комиссияның жұмысына қажетті мәліметтерді жинақтап ұсынатын жергілікті жұмысшылардан құралған топ құру туралы арнай үкім шықты. Қазіргі таңда аталған топ құрамында 14 комиссия мүшесі, топ төрағасы, төраға орынбасары мен хатшы, сондай-ақ 11 мүшесі жұмыс істеуде. 

Кеңестік қызыл империя қазақтың қасіретіне айналды. Жазықсыз атылғандардың басым көпшілігі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты Алаштың арда азаматтары еді. Қаншама нәубет жылдарды бастан кешірген мықтылардың айтқан зары мен кешкен мұңы, жүріп өткен жодары – бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде сақталмақ. Қазақ халқы сол жылдарда орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырмай, қанша ғасырлық даналығын да, пайымы мен парасатын жоғалтпады. Ал мұндай ұлттың тәуелісіздіктің шынайы бағасын білмеуі, жүрекпен сезінбеуі мүмкін емес. Сондықтан кейінгі жастар мына бейбіт күннің қандай шығынмен, қанмен келгенін ұмытпауы тиіс.
31 мамыр 2023 ж. 158 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930