Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих тоғыстырған тағдырлар

Тарих тоғыстырған тағдырлар


Аудан әкімдігінде 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарих тоғыстырған тағдырлар» атты дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімінің орынбасары А.Есмахановтың төрағалығымен өткен жиында «Халық жауы» деп жала жабылған қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды.
Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық кезеңі деуге болады.Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Сол қаралы жылдар Сыр бойы халқын да сынаққа салды. Сыр өңірі ­саяси қуғын-сүргінге түскен шешен, кәріс, түрік және этнос өкілдерінің қоныс теуіп, өсіп-өнуіне мүмкіндік берген қасиетті жер. Оның бір ғана көрінісін Шиелі ауданынан-ақ байқауға болады. Бұл күнде Шиелі жерінде 2702 диаспора өкілі тұрады. Яғни 18-ге тарта этнос өкілі бар. Сонау қилы заманда қоныс аударып келген ұлт өкілдерін өзекке теппей, өзімсінген қазекемнің қасіретті жылдарды өткергенін осындай тарихтан аңғаруға болады.
– Қазақ елі «Бір ел – бір тағдыр» ұстанымын қалыптастырған, өткенге салауат, болашаққа аманат арта білген халық. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын – сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына қол қойылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 қарашадағы №748 қаулысы шықты. Барлық өңірлерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияны құру туралы қаулы шықты. Шиелі ауданы бойынша да саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына қажетті материалдарды жинақтап ұсынатын жергілікті жұмысшы топ құрамы құрылып, аудан әкімімен бекітілді. Жұмысшы топ құрамына ардагерлер, тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар тартылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережесі бекітілген, – деді А.Есмаханов.
Одан әрі Zoom бағдарламасы арқылы облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы КММ-нің директорының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиев зар заманның зұлмат зұлымдығы ұрпақ жүрегінде сақталып қалатынын айтты. Сонымен қатар, қилы заманда қыршынынан қиылған саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Х.Чолондоров естеліктерімен бөлісті.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау. Оларға жабылған жаланы ақтау, есімдерін ардақтау.
Жиын соңында №47 М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Фатима Серікбайқызы, «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» ҚММ-нің Шиелі аудандық филиалының қор сақтау қойма меңгерушісі Назира Оңтайқызы және аудандық өлкетану мүзейінің аға ғылыми қызметкері Бекболат Темірәліұлы мен «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Одан әрі М.Шоқай атындағы орталық алаңда қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты митингке ұласты. Ең әуелі құрбандарды еске алып, 1 минут үнсіздік жариялады. Аудан әкімі Қ.Мүбараков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдірахманов сөз сөйлеп, зұлмат жылдары жазықсыз жапа шеккен құрбандар рухына арнап гүл қою рәсімін өткізді. Орталық алаңға саяси нәубет құрбандарына тәу ете келген ағайынмен «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Бақыт Ұлжаев Құраннан дұға бағыштады.

Г.ӘБДІХАНИ
01 маусым 2021 ж. 583 0