"ЖАУҚАЗЫН ЖҮРЕК" ШИЕЛІНІҢ ТӨРІНДЕ
«Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен бастау алған «Жауқазын жүрек» І облыстық (өңірлік) балалар шығармашылығын дамытуға арналған көшпелі әдеби алаң 15 наурыз күні Шиелі ауданы М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицей базасында жалғасын тапты.
Әдеби алаңда «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының директорының орынбасары Г.С.Ізбасарова мен Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы Т.У.Бөпежанов шараның алғысөзін сөйлеп,
қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әдеби алаңға облысымыздың әр ауданынан әңгіме жазу бойынша бақ сынасуға 40 үміткер қатысты.
Шарада қатысушыларға жергілікті жазушылар шығармаларынан жинақталған "Әдеби дилижанс" кітап көрмесі, Аудандық Оқушылар үйінің "Шебер қолдар" үйірмесінің ұлттық көрмесі таныстырылды.
Іріктеу кезеңінен соң үзіліске шыққан үміткерлер мектеп-лицейдің асық алаңында асық ойнап, этноауылда домбырашылардың өнерін тамашалады. Көркемсөз оқушылар алаңға жиналған үміткерлерге жырдан шашу шашып, қадамдарына сәттілік тіледі.
Әдеби алаңның негізгі бөлімінде жас қаламгерлермен арнайы шақырылған фасилитатор мамандар Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі Дина Жүсіпова, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторының орынбасары Гүлнар Дүйсебай, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Түменбаева сараптама жасап, арнайы бағалау өлшемдерімен бағалап, өз пікірлерін білдірді, бағыт-бағдар жасады. Әдеби алаң үміткерлері «Қауырсын қалам», аудиалды жазылым бойынша «Қиялымды самғаттым...»,визуал вайб тапсырмасымен «Суреттер сөйлейді...» кезеңдерінде өз шығармашылықтарын танытты. Әдеби алаңда сөз маржанын тереңнен теріп, көркем құндылығымен, әңгімедегі оқиға арқауымен тыңдарман қауымды ынтықтыра алған 9 оқушы арнайы номинациялармен марапатталды.
1. «Қиялы ұшқыр қаламгер» - Мұхамбетияр Жарқын (Қызылорда)
2. «Көркем сөздің шебері» - Әжіманова Гүлжайна (Жаңақорған)
3. «Әсерлі әңгіме қаламгері» - Бекзулла Ұлбосын (Жалағаш)
4. «Сырлы сезім иесі» - Кенжебекқызы Әлия (Қазалы)
5. «Уақыттан ойы ұшқыр» - Әлібекқызы Әзиза (Сырдария)
6. «Импровизатор қаламгер» - Сейтомаров Нұрлыжан (Шиелі)
7. «Ойы терең, өрнегі өзгеше қаламгер» - Орынбасаров Ердәулет (Қармақшы)
8. «Сара сөздің зергері»- Қуанышқызы Аянат (Сырдария)
9. «Образ сомдаудың озығы» - Маратова Нұрай (Арал)
Әдеби алаң соңында көшпелі «Жауқазын жүрек» статуеткасы Сырдария ауданына табысталды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысып, шабыт алған оқушылар мен жетекшілері шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.