БОЛАШАҚТЫҢ БЕЙНЕСІ
Кез келген мемлекеттің болашағы, алдыңғы толқынның ізін жалғап, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын білімді жастар екені белгілі. Бір қуантары, бүгінде жасөспірімдер заманның жаңа ағымына қарай бейімделіп, білім-ғылымға өзіндік көзқараспен қарайды. Әрине, ілім үйренуге ықыласпен қараса, оған білімнің де берері шексіз. Сондықтан саналы да сауатты, рухы биік ұрпақты тәрбиелеу қоғамның басты міндеттерінің бірі болып қала беруге тиіс. Себебі бүгінгі жас – Қазақстанның болашағы.
Марғұлан Мұсахан – өзіне сенімді, ілім жолына жауапкершілікпен қарап, алдына тың жоспар қоя білетін сондай жастардың бірі. Г.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназиясының 11-сыныбында оқиды. Жас талапкер бүгінде көптеген олимпиада мен интеллектуалды сайыстың жүлдегері атанып үлгерген. Мәселен, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Президенттік олимпиаданың аудандық кезеңінің 2-орын, облыстық кезеңінің 3-орын иегері, Қызылорда облысында өткен «Innovation Festival» шарасының алғыс хатына да ие болған. Сондай-ақ жуырда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолдауымен және «KHABAR» телеарнасының түсіруімен өткізілген «XXI ғасыр Көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысып, іріктеу кезеңінің жеңімпазы, ширек финалының диплом иегері атанды.
Аталған сайыс республиканың барлық үздік 11-сынып оқушылары арасында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам үміткердің ішінен 100 қатысушы телебағдарламаға жолдама алған. Олардың арасында жерлесіміз Марғұлан да бар.
Қатысушының айтуына қарағанда, сайыс сұрақтары тек мектеп бағдарламасымен шектелмеген, сонымен қатар жоғары оқу орнының ақпараттары мен әртүрлі салаға қатысты тапсырмаларды қамтыған. Марғұлан дайындық үшін түрлі тақырыптағы кітаптар мен ақпараттық жүйенің көмегіне жүгінген. Сондай-ақ атаанасының, мұғалімдері мен достарының да қолдауы көмектескенін айтады.
– Орыс бағдарламасымен оқитындықтан, қазақ тіліндегі кейбір ақпаратты түсіну оңайға соқпады. Оған қоса, сайыстың теледидардан көрсетілетінін ойлап, біраз қобалжыдым. Дегенмен, білгенімді ортаға салып, жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын, – деді ол.
Марғұланның ендігі мақсаты – Алматы қаласында орналасқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсу. Ізденімпаз жас келешекте аудан өркениетіне қызмет атқарып, ата-анасының үкілі үмітін ақтауды қалайды.
Таслима ӘЛІШЕР