Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының үш мектебі үздіктер қатарына енді

Қызылорда облысының үш мектебі үздіктер қатарына енді



Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы биылғы оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңіне қатысушы мектептер арасында еліміздің 100 олимпиадалық мектептері рейтингісін жариялады.

Биылғы оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша олимпиада 20-25 наурыз аралығында Шымкентте 891 оқушының, оның ішінде ғылым негіздері бойынша 88 олимпиадалық резерв мүшелерінің қатысуымен өтті.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, олимпиада қорытындысының нәтижесінде Сыр өңірінен «Қазақстанның 100 үздік олимпиада мектептері» қатарына 3 білім беру ұйымдары енді. Олар №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты – 13 орын, №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты – 15 орын, Абай атындағы №138 орта мектеп – 101 орын иеленді.

Үздік олимпиадалық мектеп атағына ие болу үшін республиканың 314 мектебі бақ сынады.

Олимпиада қорытындысы бойынша 1-ші орынды 4 мектеп жеңіп алды, 2 орынды 9 мектеп өзара бөлісті, 14 мектеп – 3 орынға ие болды.

Рейтинг формула бойынша шығарылды, мұнда алтын медаль 3 ұпаймен, күміс медаль 2 және қола медаль 1 ұпаймен бағаланады.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 295 мемлекеттік, 24 жеке мектеп мектеп бар.
05 шілде 2023 ж. 129 0