Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНАҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ НЕГЕ ЖОҚ?

АНАҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ НЕГЕ ЖОҚ?

Ауданда тарихи-мәдени ескерткіштің жалпы саны – 45. Ал кентте алтауы орналасқан. Бұл арнайы Үкімет қаулысымен бекітіліп, салынған. Бірақ осы ескерткіштердің арасында анаға арналғаны жоқ екен. Шиеліні шежірерлі өлкеге теңейміз. Тиісінше бұл мекен ескерткіштен кенде болмауы тиіс. Мұстафа Шоқай, Бұдабай Қабылұлы, Шахмардан Есенов, Ыбырай Жақаев, Иманжүсіп Құтпанұлы сынды ұлттың ұлы тұлғаларын өмірге әкелген аналардың құрметіне арнап неге ескерткіш қоймасқа?
Ана – қастерлі ұғым. «Жұмақ ананың табанының астында» демей ме, қазақ? Өткен жылы «Анаға тағзым» орталығы ашылып, өз жұмысын бастады. Ал осыдан екі жыл бұрын Майлытоғайдан жеке кәсіпкер Дүйсенкүл Тәжікованың мұрындық болуымен әлемді алақанында тербеткен әйел-аналарға көрсетілген құрметтің нышанына айналған «Анаға тағзым» аллеясы ашылған-ды. Ендеше дәл осындай игі істі неге жаңғыртып, жалғап әкетпеске? Аудан орталығынан аналарға ескерткіш орнатылса, ол да бір мәдени нысан болмас па еді? Аналар дегенде, бүгінгі күнмен шектелу – тар ұғым, әбестік. Сонау Хауа анамыздан өмірдің бастау алатынын естен шығармаған жөн. Одан беріде ел мен жер үшін аянбаған аналар тарихта бар. Бір қауым елді бірлікке ұйыстырып, ынтымақ арқылы ырысын тасытқан көшбасшы әзиз аналар туралы баршамыз білеміз. Әрісі – Кирдің басын алған Тұмар ханша, әулиелігімен елін ұйыстырған Домалақ ана, Әбілқайыр ханның кеңесіне қатысып, хан қайтқанда елді ұйымға бастаған Бопай ханым, Уәли ханның жұбайы Айғаным ханым. Берісі Абайдың әжесі – Зере, анасы Ұлжан, Есенейдің – Ұлпаны... Айта берсек, аз емес. Ал Шиелі ауданының өзінен шоқтығы биік бес еңбек анасы Айша Меңлібаева, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Заһира Ержанова, Жадыра Таспамбетова шыққан.
«Социалистік Еңбек Ері» Айша Меңлібаева қой өсірудің шебері болса, Ұлбала ¬Алтайбаева Жер-Ана даңқын асырған. «Дала аруы» атанған еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде Заһира Ержанова танылса, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, бар өмірін еңбекке арнаған, ер азаматтармен бірге трактор айдап, күріш еккен әйгілі Шырынкүл Қазанбаеваны қалай ұмытамыз? Ал алқапта жүріп аяғынан айырылса да, мойымай, трактор тізгінінен түспеген, қаһарман қыз ¬Жадыра Таспанбетова әлі күнге дейін жұрт жадында.
Осы ақпаратты жазу барысында жауапты мамандардан жуырда Көкшоқы мөлтек ауданынан осы бес еңбек анасына арналған бюст орнатылып, «Аналар аллеясы» ашылатынын естідік. Айта кетерлігі, ескерткіш пен бюст – сөзінің айырмашылығы бар екенін алдымен біліп алғанымыз жөн. Бюст кеуденің жоғарғы жағын қамтыған бейнелі мүсін болса, ескерткіш – тұлғаның өн бойын қамтыған мүсін. Сондықтан бюст ескерткіштен бір саты төмен тұрады. Әрине, бақытын еңбектен тапқан бес ананың туған жерінде бюст орнатылатынына ризамыз. Бірақ...
Жалпы әлем елдерінде Анаға қойылған ескерткіштер жетерлік. Төрткүл дүниенің төрт бұрышында бар. Еліміздің кейбір аймақтарында да бой көтеріп үлгерген. Бұдан бірер жыл бұрын кәсіпкерлер бас болып, Суретшілер одағы қоштап, тоқсаныншы жылдары алыпсатарлықпен айналысқан Аналарға ескерткіш орнату жөнінде мәселе көтерген. Ескерткіштің эскизі де жасалып қойған-ды. Әйткенмен, сол ескерткіш эскизден әрі аспай қалды. Қош.
Осы тұста тағы бір тың ой өрбіп отыр. Келесі қыз-келіншектердің, аналардың мерекесі қарсаңында Шиелінің қақ ортасында Аналарға арналған ескерткіш бой көтерсе деген тілекұсыныс бар. Оның маңы саябақпен көмкерілсе, тіпті тамаша. «Ана мен бала» саябағы атауының өзі бір қаралық емес пе? Бұл тәрбиелік һәм тәлімдік мәні зор іс болар еді, әрине.
Өйткені, ана – өмір. Өмір сөзінің синонимі – ана. Бұған келіспеуіңізге болады. Бірақ біздегі түйсік пен жүрек осыған қол қойып отыр. Ескерткіш деген не өзі? Кең мағынасында – елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы, мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері ¬бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарих және сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері.
Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызады. Тар мағынасында – ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Яғни, ескерткіш орнату – есте сақтау үшін, ұрпаққа ескертіп тұру үшін атқарылатын ұлағатты іс. Демек, анаға шексіз құрметті санада ұдайы жаңғыртатын «аналар ескерткішінің» де маңызы зор болмақ. Ұрпақ тәрбиесінде. Аналар ескерткішін сұрағандағы басты ұстанымымыз осы болатын.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 наурыз 2024 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930