Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескеркіштер – елдігіміздің айнасы

Ескеркіштер – елдігіміздің айнасы

18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке 1984 жылдан бастап аталып келеді. Осыған орай аудандық Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінде ескерткіштерді қорғау күніне байланыс­ты «Ескерткіштер – адамзат әлемінің айнасы» атты шара өтті. Аталаған шараға Б.Қабылұлы атындағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі» әдіскер Айнұр Шахиқызы қатысып, ескерткіштің маңызына тоқталды.
Жиынның басты мақсаты – оқушыларға киелі орындар мен тарихи маңызы бар ескерткіштер туралы мәлімет беру. Сондай-ақ Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейіндегі құнды дүниелермен танысып, көптеген пайдалы ақпараттармен сусындады.
Қазақстанның кең байтақ сахарасында 25 мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштер болса, солардың 508-ден астамы облыста, ал 48 ескерткіш ауданда орналасқан. Оның ішінде 3-еуі республикалық маңызы бар, 26-сы жергілікті, 19-ы алдын-ала тізімге алынған ескерткіштер. Мұның бәрі бір кезде Қазақстанда ұлы мәдениеттің болғандығын сипаттайды.
Шараға келген қонақтар алдымен «Ескерткіш – ата мұрасы» тақырыбындағы көрмемен танысып, ауылдың, ауданның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтар жайында мағлұмат алды. Сонымен қоса музей қорында сақтаулы тұрған еңбектің ең биік шыңынан көрінген Еңбек Ерлерінің бюстері, ХІХ ғасырда қолданыста болған тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар сынды құнды экспонаттармен танысты.
Шарада алғы сөз сөйлеген аудандық «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі» әдіскер Айнұр Шахиқызы: «Қазақ халқының ұлт болып ұйысуы, қалыптасуы, болашаққа қадам басуы ол тарихын білуден басталады. Сондықтан өскелең жас ұрпаққа қазақтың кең байтақ даласындағы әртүрлі деңгейдегі мәдени және тарихи ескерткіштер туралы мағлұмат беруіміз керек. Ел тарихымен біте қайнасып жатқан құнды ескерткіштерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, оларды мәдени мұра ретінде сақтау баршамыздың борышымыз, – деді.
Одан әрі №47 М.Ломоносов атындағы орта мектебінің оқушылары музейдегі тарихи экспонаттармен танысты. Мұнан соң Ы.Жақаевтың ізін қуған ізбасарлары Құдайберген Жұмабеков пен Кенжебек ­Ержанов дала академигінің еңбек жолын халыққа таныстырды. Ал шара соңы сұқбатқа ұласты.

Ш.Тілеубаев
22 сәуір 2022 ж. 688 0