«Анаға тағзым» аллеясы ашылды
Шиелі ауданы Майлытоғай ауылында алғаш рет «Анаға тағзым» аллеясы ашылды. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі, ел анасы атанған ақ жаулықтылар, ардагерлер, өнер иелері, бизнестегі бикелер жиналды. Әлемді алақанына салып тербеткен әйел-аналарға көрсетілген құрметтің нышанына айналған аллеяны Майлытоғай ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Дүйсенкүл Тәжікова жеке қаражаты есебінен салғызған.
Айта кетейік Дүйсенкүл Тәжікова «Алтын дәрігер» орденін кеудесіне таққан білікті тіс дәрігері, «Үздік кәсіпкер әйел» және «Бизнес леди» номинациясының иегері. Бүгінде Д.Еркінбайқызының басшылығымен ашылған «Алма Дент» тіс емханасы Шиелі халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Осындай құрмет пен абыройға еселі еңбегі мен маңдай терін төге білген кәсіпкер енді өзі туып өскен ауылды гүлдендіруді мақсат тұтып отыр.
Айта кетейік Дүйсенкүл Тәжікова «Алтын дәрігер» орденін кеудесіне таққан білікті тіс дәрігері, «Үздік кәсіпкер әйел» және «Бизнес леди» номинациясының иегері. Бүгінде Д.Еркінбайқызының басшылығымен ашылған «Алма Дент» тіс емханасы Шиелі халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Осындай құрмет пен абыройға еселі еңбегі мен маңдай терін төге білген кәсіпкер енді өзі туып өскен ауылды гүлдендіруді мақсат тұтып отыр.
Аллеяның ашылу салтанатында аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, кәсіпкер Дүйсенкүл Еркінбайқызына лебізін білдірді.
– Әйел-ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күретамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Еліміздің сән-салтанаты артып, мерейінің үстем, абыройының асқақ болуында нәзік жандардың еңселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Тарихтың қатпарлы бетін парақтасақ, халқымыздың арғы-бергі шежіресінде еріне адал жар, сәбиіне ардақты ана, отбасына ұйытқы болуымен ұлттың ұранына айналған аналарымыз баршылық. Тегі асыл аяулы жандардың әрбір өнегелі ісі, ғибратты сөзі бүгінгі күнге аманат болып жетіп, шежіре болып хатталды. Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ана сынды ақылман, дана жандар бейнесі асыл мұра ретінде кейінгі ұрпақ санасында мәңгіге сақталып, рухани тұрғыда қайта жаңғырып отыратыны хақ. Ал ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеген Шиелінің шынарлары Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Закира Ержанова, Жадыра Таспамбетова, Айша Меңлібаева, Ұлман Мәмреева секілді аналар ауданның мақтанышы. Міне, бүгін лентасы қиылғалы тұрған «Анаға тағзым» аллеясы сол аналарға көрсетілген құрметтің көрінісі деп білемін, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шараға арнайы облыстан келген мұғалім, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлима Жақыпқызы мен Айман Ералықызына құттықтау сөз беріліп, қоғамдағы ананың рөлі туралы әдемі сөз өрбіді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Д.Еркінбайқызына облыстық іскер әйелдер палатасының атынан Құрмет грамотасы беріліп, иығына шапан жапты.
Арнайы шараға аудан өнерпаздары да атсалысты. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ақын Кенжебай Жүсіп аналарға арнау өлеңін оқыса, мектеп оқушылары ана туралы жыр-шумақтарын оқыды. Ауылдың орталығында орналасқан «Анаға тағзым» аллеясын аудан әкімі Н.Ахатов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет лентасын қиып, Дүйсенкүл Тажиковаға жүрек жарды лебіздерін білдіріп, сый-сыяпат табыстады. Ауыл ақсақалдары мен абыз аналар ақ батасын берді. Рәсімнен кейін келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына ауылдың «Асан – Үсен ата» мешітінде ас беріліп, марқұм болған аналардың рухына Құран бағышталды.
Г.Дүйсебай