Тіс жегі жеңіл дерт емес
«Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деген дана халқымыз. Адамның жаны ауырған жерінде. Тікен кіргенде ыршып түсер жан тызылдап бебеу қақтырған тіс дертіне төзер ме?! Қазақ дерті дендеп, шымбайына шындап батқанда ғана қозғалайын дейді. Денсаулыққа селқос қарап, ауруын асқындырып алып ем-дом іздеп, әбігерге түседі. Тісі дуылдап, жай таптырмай, жаны көзіне көрінген қысылтаяң кезде ғана тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеді. Тіс күтіміне көңіл бөліп, мұқият тазалап, үнемі назарда ұстаудың бүкіл ағза саулығына әсері зор. Ал, ауыз қуысының тазалығы ас қорыту жүйесінің қалыпты қызметін қамтамасыз етеді. Әрі қардай ақ маржан тіс көркіңе көрік үстеп, ажарыңды аша түседі.
Бұл күндері балалар арасында тіс ауруы жиілеп кетті. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарына еніп отыр. Себебі, тісі енді ғана шыққан кішкентай бүлдіршіндердің тіс жегіден зардап шегіп жатқандығын жиі байқап та, көріп те жүрміз. Тіс дертіне дауа табар дәрігер зор тәжірибелі, өз ісінің қыр-сырына қанық болуы шарт. Адам аса мән беріп, көптеп көңіл бөлмесе жеңіл-желпі ауру созылмалы дертке демде ұласып, біраз әбігерге түсіруі әбден мүмкін. Сол себепті әр жарты жылда бір мәрте болса да дәрігер алдынан өтіп, кеңесіне құлақ түрген жөн. Бүгінде стаматолог дәрігер Дүйсенкүл Тәжікова бас болған «Alma-Дент имплант» тіс емханасы халыққа кең көлемді, жоғары сапалы медициналық қызмет түрлерін ұсынады.
– Қазір балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер көбейген. Мұның басты себебі, тіс тазалау гигиенасының сақталмауы. Өйткені, олар тісін қалай тазалау керектігін, түрлі қауіп-қатерден сақтану жолдарын білмейді. Негізінде тісті тәулігіне екі рет, таңертең және ұйықтар алдында міндетті түрде жуу қажет. Жасыратыны жоқ, көпшілік тісті таңертең тазалағанымен, кешкі тазалыққа мән бермейді. Ал, кешке жатар алдында тісті тазалау өте маңызды. Өйткені, кешкі астан ауыз қуысында қалған тағамның қалдықтары таң атқанға дейін тіске жабысып, содан тіс жегі пайда болады. Ол жан-жағын зақымдап, тісті жарамсыз күйге түсіреді. Сондықтан, тісті дер кезінде дәрігерге тексертіп, тұрған жөн, – дейді Д.Еркінбайқызы.
Стоматологтар арасында «Адамның тісі кішкене түтікше секілді. Бір шеті ауыз қуысында тұрса, екінші ұшы жүрекпен жалғасады» деген теңеу бар. Демек, адамға стоматологиялық көмекті дер кезінде көрсетудің маңызы зор. Яғни, тіс ауруының алдын алуға, ауру сипатын дер кезінде анықтауға рентген түсірілімінің маңызы зор. Ол арқылы қай тістің сау, қайсысы тіс жегіден зардап шеккенін, қайсысын емдеп, жұлу керектігін нақты білуге болатынын айтады стоматолог.
– Кез келген тіс ауруы тамақты жеткілікті шайнамаудан басталады. Себебі ауыз қуысында қалған қалдықтар микробқа айналып, эмальды бұзады. Дұрыс шайналмаған тамақ асқазан жұмысын ауырлатады. Ауру асқынған кезде жүрекке жетеді. Бүйрек, бауырдың қызметін бүлдіреді. Сөйтіп тіс жегі пайда болады – дейді, ол.
Білікті дәрігер деуіміз де бекер емес. Дүйсенкүл Тәжікова 1981-1986 жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтында «Стаматолог» мамандығы бойынша білім алған. Ең алғаш еңбек жолын 1986-2006 жылдары Шиелі аудандық емханада дәрігер-стаматолог болып бастайды. 36 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман «Алма Дент Сервис плюс» жекеменшік стоматология кабинетін ашады. Білікті де білімді мамандар тәрбиелеген тәжірибелі стоматолог-дәрігердің еңбегі де ескеріледі. Ол 1997 жылы ҚР халқының денсаулығын сақтау ісіне қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасымен», 2009 жылы облыс әкімінің «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясымен, 2020 жылы Республикалық Ұстаз жолы қоғамдық қорының «Алтын дәрігер» орденімен марапатталады. Сондай-ақ, 2018 жылы республикалық кәсіпкер әйелдер конкурсына қатысып, «Бизнес леди» номинациясын иеленеді. Дәл осы жылы алғаш рет, облыс көлемінде Алматы қаласының білікті дәрігер, профессорлары Елена Волоуева мен Светлана Матагуллинаны өз қаражаты есебінен шақырып, облыс және аудан стоматологтарының тәжірибе алмасуына жол ашты. 2 күн бойы өткен іс-шарада ауыз қуысындағы тіс жегін болдырмау және алдын жолу жолдарын талқылайды.
Бүгінде бейнеттің зейнетіне жеткен кейіпкеріміз, қолқусырып отқанды жөн көрмейді. Білікті дәрігерлерді ауданға алдыртып, сапалы тіс емханасын ашу мақсатында білек сыбана іске кірісіп кетті. Бұйырса алдағы уақытта Дүйсенкүл Еркінбайқызы бастаған тіс дәрігерлері балалар және ересектер арасындағы тіс ауруларымен күресетін болады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ