Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Антына адал дәрігер

Антына адал дәрігер

Басымыз ауырып балтырымыз сыздай қалса, дертімізге дауа іздеп барар жан ол – дәрігер. Дәрігердің дәрісі бір ем болса, оның бетіңе күлімдей қарап, биязы даусымен, сабырмен аурудың тарихын, оның пайда болуынан бастап шипалы қолдарымен сипай отырып түсіндіруінің өзі-ақ ауырған жеріңді ұмыттырып, жаныңды жай таптырады.
Дәрігер атаулының табиғаты басқа мамандықтарға қарағанда тек адамның жаны мен тәні үшін жаралған жандар іспеттес. Алдына келген науқастың бірге туған жанашырының қиналысынан гөрі дәрігердің ішкі түйсігі бар дүниені естен шығарып, тек қана бойындағы барын дерттің дауасын табу үшін жан бере арпалысын аңғару қиын емес. Мінез-құлқына білім мен біліктілігі сай, есіктен кіргенде бірден баурап алатын дәрігер қай кезде халықтың жүрегінен орын алып жатса ол – нағыз бақыт. Ондай абзал жандарды дәрігерлердің арасынан көптеп кездестіруге болады. Осы сөзімнің бір дәлелі өзі ескі болса да Алғабас ауылының емханасына кіргенде алдыңнан жылы жүзбен қарсы алған үстіндегі ақ халаты ажарын одан сайын айқындай түскен Ақжібек дәрігерді көресіз. Ақжібек Балтабаева өзінің кіндік қаны тамған ауы­­лына дәрігер болып келуді жасынан армандаған. Оның да үлкен себебі бар еді. Атасы Балтабай өз қатарынан оза шапқан азамат болатын. Мектепті үздік бітірген ол Алматыға мединститутқа жол тартты. Оқуға да түсті. Бірақ 3 ­курстан әрі қарай жалғастыруға меңдеген дерт мүмкіндік бермеді. 1960-1970 жылдар арасында медицина дәл қазіргідей дамымаған еді. Жүрекке түскен ауыр дерт алып тынды. Жары Шәрбанға 3 ұл, 2 қызды аманат етіп кете барды. Уақыт емші. Екінші ұлы Ермектің қызы Ақжібек дүниеге келді. Ақжібек жасынан қағілез, ылғи балалармен ойнағанда дәрігердің рөлін сомдап жүрді. Ақыры атасының жете алмаған жерін, орындай алмаған арманын орындау дәрігерлікті таңдаған Ақжібекке бұйырды. Ақтөбедегі медицина университетін бітіріп, еңбек жолын туған ауылына келіп қызмет етуден бастады. Келгеніне аз уақыт болса да алған теориялық білімін тәжірибемен жалғастырудағы қабілетімен ел ішіне танымал болды. Науқасқа дәлдікпен ауруын анықтауда оның тарихы мен емдеу жолдарын асқан байсалдылықпен түсіндіре отырып емдеуде ылғи жетістіктерге жетіп отырды.
Уақытпен санасу ол үшін жат. Ауыл ішінде кез келген уақытта ауырған жандар Ақжібекке қарай жетіп келеді. Мейірбикелер де соған бейімделген. Аурудың бағытын айтсақ тиісті мамандары қосыла келеді. Осы емханада көп жылдар еңбек етіп келе жатқан акушер дәрігер Ғафура Исмаилова, аяжандар Жадыра Аппазбаева, Нұргүл Садықова, Гүлнәр Жарасова, Шолпан Өтепбергенова, Эльмира Аяғановалар үнемі дәрігердің жанынан табылып, міндеттерін мүлтіксіз атқарып жүрген ақ халаттылар.
Емхана ішінде тәртіпті бір жүйеге келтіре отырып бойындағы бар білгенін адам денсаулығына жұмсай білген зейінді, антына адал дәрігер Ақжібек Балтабаеваға Алғабас ауылы халқының айтар алғысы мол. Ақжібекке атасынан дарыған адалдығы мен мамандығы өмірінің серігі болсын дейміз. Төрлей бер. Төрдегі орның төмендемесін. Халқыңа жасаған еңбегіңмен биіктен көріне бер демекпіз.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы
30 қазан 2020 ж. 622 0