Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша жұқпалы ма?

Қызылша жұқпалы ма?


Аудан бойынша былтырдан бері, осы уақытқа дейін қызылша ауруы тіркелмеген. Дәрігерлер дерттің алдын алу үшін биыл қаңтардың 21-26 сы күндері аралығында құжаты жоқ тұрғындарға екпе жүргізді. Осы науқан кезінде аудан бойынша 1 жастан бастап 29 жас аралығындағы 18 адамға егу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде бесеуі 1 мен 5 жасар арасындағы сәби мен балғындар болса, 5-уі 5-17 жастағы балалар. Ал, сегізі 20-29 жастағы ересектерге салынған.
Тиісті ақпараттарға сәйкес аудан бойынша биылғы жылы бір жастағы 1798 балаға қызылша ауруына қарсы екпе егілетін болса, оның 136-сына қаңтар айында екпе жүргізілді. Сонымен қатар, алты жастағы 1844 балаға екпе салу жоспарланып отыр. Оның 150-не екпе жүргізіп, 8,1 пайызын орындалған. Аталған індетке қарсы дәрігерлер арасында семинар сабақтар өткізіліп, тұрғындарға түрлі бағытта ақпараттық түсіндірме шаралары жүргізіліп келеді, – дейді аудандық эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы М.Сүйіндікова.
Қызылша – ауа тамшылары арқылы жұғатын жедел инфекциялық ауру. Бұны жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі. Ауыз қуысы қабынып, ісінеді, тамаққа тәбеті төмендейді. Әлсіздік пайда болады, жөтеліп, түшкіреді. Мұрыннан су ағып, демалуы қиындап, көздің шырышты қабаты ісінеді. Көзі жасаурап, жарыққа сезімталдығы артады, кейде іші ауырады. Екі-үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында шөкім тұздың жартысындай ақ дақтар пайда бола бастайды. Денесіне бөрітпе шығады. Қызылшаның бөртпе шығу кезеңі сатылы түрде өтеді. Бөртпе бірінші күні бетте, құлақ, мойында, екінші күні денесінде, үшінші күні аяғында пайда болады. Бөртпелердің шығу кезеңі 3-4 күнге созылады. Осы кезде дене қызуы қатты көтеріледі. Қызылшамен ауырған науқас қызыл бөртпенің пайда болған күніне дейін төрт күн және пайда болғаннан кейін төрт күн жұқпалы болып келеді. Кейде тері астына қанның құйылуы салдарынан шашыраңқы қара дақтар, яғни көгеру байқалады. Бұл дерттің асқынғанын білдіреді.
Аудандық иммунолог Ибрагим Нұркеевтің айтуынша, тек вакцина қабылдау арқылы ғана аурудың алдын алуға болады.
– Аурудың алғашқы сатыларында науқас адам тек қана үйде емделуі тиіс. Өйткені емханаға баратын болса, ауруды өзге адамдарға жұқтыруы мүмкін. Науқасты бірден оқшаулап, үйге учаскелік дәрігерді шақыртып, ем қабылдаған жөн. Вирус жұқтырған адам көп қимылдамай, төсекте жатқаны дұрыс. Дәрумендерге бай, құнарлы тамақ жеп, сұйықтықты көп ішу керек. Егер бала ауырса, ыстықты әрі ауырсынуды басатын парацетомол дәрісін беру керек. Баланың іші өтсе, регидрационды суды ішкізген жөн. Қызылша инфекциялық ауру болғандықтан науқасқа антибиотик берудің қажеті жоқ. Көп жағдайда тұрғындар ауырса, антибиотикке жүгіреді. Антибиотик бактериялық аурулар пайда болғанда тағайындалады. Оны тек қана дәрігердің кеңесімен ішкен жөн. Ал, ауырған кезде антибиотик іше беру денсаулыққа зиянын тигізеді, — дейді Ибрагим Әбубәкірұлы.
Дәрігердің айтуынша, ауруханаға тек қана аурудың ауыр түрімен ауырған және асқыну белгілері бар науқастар ғана жатқызылады. Қызылша және басқа да ауа арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың өршитін кезеңінде кішкентай балалар мен сәбилерді адамдар көп жиналатын жерлерге апармаған дұрыс. Бұл да аурудың алдын алу шараларының бірі болып саналады.
Сондай-ақ, ауру белгісі байқалса, дәрігер шақыртып, дәріні дәрігердің тағайындауынан кейін қабылдаған жөн. Өз бетінше емделу аурудың асқынуына алып келетінін естен шығармаған абзал.


Жұлдызай Ноғайбайқызы.
05 ақпан 2019 ж. 3 346 0