ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ КОМАНДАЛЫҚ ЖҰМЫС: ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕС, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ
№48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінде 2024 жылдың 16 ақпаны күні инновациялық (жетекші) мектептердің серіктес мектептермен ( №244,243,219,159,207,152) жүргізілетін жұмыс жоспарына сәйкес «Инклюзивті білім берудегі командалық жұмыс: әдістемелік кеңес және психологиялық-педагогикалық қолдау» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, мамандармен бірлескен жұмысты үйлестіру және қолданатын әдіс-тәсілдермен бөлісу мақсатында өткен семинарды аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ.Сәрсенбаева мен мектеп-лицей басшысы Е.Жүсіпов ашып беріп, тақырыптың бүгінгі таңдағы маңыздылығына тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Бағдарлама жоспарына сәйкес мектеп-лицейдің арнайы мамандары “Инклюзивті білім беру аймағы” көрмесімен таныстырды және мектеп-лицейде ерекше білім беруде қажеттілігі бар балалармен атқарып жатқан іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімдері арнайы мамандармен бірлесіп дуэт сабақ көрсетті.
Семинар барысында көркем еңбек пәні мұғалімдері дайындаған “Әлем – балалар көзімен” тақырыбындағы балалардың қолөнер көрмесі ұсынылды.
Мектеп-лицейдегі инклюзивті білім беру жағдайында ата-аналармен жүргізілетін жұмыстар жайлы ақпарат беріліп, ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларды анықтауда қолданылатын әдіс-тәсілдер тәжірибелік алаңда көрсетілді.
Семинар соңы “Менің ғажайып әлемім” тақырыбындағы концерттік бағдарламасына ұласты. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын үйірме мүшелерінің домбыра оркестрі, 5-6 сынып оқушыларының орындаған хоры, білім алушылардың М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэма желісі бойынша дайындаған көрінісі, оқушыларымыздың мың бұралған билері қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Семинардың қорытынды бөлімінде кері байланыс ұйымдастырылды, семинарға қатысушылар қойылған сұрақтарына жауап алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өткізілген семинардың өзектілігін атап өтті.