Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ҚОҒАМ ҚАЖЕТТІЛІГІ

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ҚОҒАМ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Инклюзивті білім беру – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндігішектеулі балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат. Бұл оқыту үрдісі балалардың жетістіктерге жетуіне ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастыруына көмектеседі.
Қазіргі кезде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалар санының көбеюі білім саласының да осы бағытқа көңіл бөлуін талап етіп отыр. Жыл санап мұндай жандардың тұлға болып қалыптасуына жағдай жасалуда. Әрине, бұл – отандық инклюзивті білім беру жүйесінің қарқынды дамуының айқын көрінісі.
Осы мақсатта №49 орта мектепте мектеп психологтары, дефектолог және әлеуметтік педагогтың ұйымдастыруымен «Инклюзивті білім беру жүйесіндегі педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету» тақырыбында апталық өтті.Аталмыш шара оқушылар мен мұғалімдердің, ата-аналардың қарым-қатынасын нығайту, олардың арасында өзара жағымды ахуал жасау, оқушылардың шығармашылығын, белсенділігін арттыру және арнайы педагогтардың жұмысын насихаттау сияқты мақсаттарды алға қойған.
Апталық барысында мектеп психологы Зағипа Әбдірәсілова оқушыларды апта бойы жүргізілетін жұмыстармен таныстырды. 1-11 сынып оқушылары «Жылы лебіз» айдарында бір-біріне ақ тілек жазып, жағымды қарым-қатынас қалыптастырды. Бұдан бөлек, әлеуметтік педагог Мая Есенбаева «Көңілді күн!» тақырыбында тренинг өткізсе, мектеп психологы Бибінұр Маханова оқушыларға «Біз бақытты баламыз!» атты флешмоб ұйымдастырды.
Апталықтың екінші күні мектептің әлеуметтік педагогы Мая Есенбаева, тәлімгер Сәуле Сұлтанова мен дефектолог Арайлым Рахметованың ұйымдастыруымен «Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің заманауи технологиялары» атты ашық сабақ өткізілді. Сабақ барысында мектептің әлеуметтік педагогы «Жұлдызым жоғары» деген тақырыпта ата-аналармен тренинг өткізсе, дефектолог «Ұсақ қол моторикамен жұмыс» тақырыбына тоқталып, оқушыларға қол моторикасымен жұмыс істеуді үйретті. Бұдан кейін балаларға сыйлықтар таратылып, музыкалық сәлемдемемен сабақ қорытындыланды.
Балаларды оқытуда оларды әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдетуде инклюзивті білім берудің маңызы зор. Бұл бағытта оқушылармен мектеп қабырғасынан бастап педагог-психологтардың жұмыс істеуі маңызды. Аталған бірлескен оқытудың түрі барлық балалардың ерекшелігіне қарамастан белсенді өмір сүруіне мүмкіндік бере алады. Жаһандық мәселеге айналып үлгерген осы тақырып алға тартылып, әрқайсымыздың санамызда көрініс тапса, қоғамның дамуына да серпін берері анық.

Таслима ӘЛІШЕР
06 наурыз 2023 ж. 867 0