Білім алуға барлық бала құқылы
Әрбір адамның құқығы мен еркіндігі жүйесіндегі негіз қалаушы фактор – білім алу құқығы. Қазақстан Республикасында барлық дамыған мемлекеттегі сияқты аталған құқыққа, әлеуметтік немесе материалдық деңгейде, жынысы мен діни көзқарастарға, денсаулығына және т.б ерекшеліктеріне қарамастан, барша адамдар ие. Біздің мемлекетімізде білім алушының дамуындағы интеллектуалдық немесе физиологиялық бұзылыстар себебінен бұл құқықтан айырылмайды. Барлық баланың білім алу құқығы біздің мемлекетіміздің басты заңы Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілденген. Сондықтан 2011-2020 жж ҚР білімді дамыту Мемлекеттік бағдарламасы негізінде «инклюзивті оқыту жүйесі» құрыла бастады.
Инклюзивті білім беру – мүгедек пен дамуында сәл бұзушылығы мен ауытқулары бар балалардың дені сау балалармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлескен оқыту. Инклюзивті оқыту біріктірілген (оқушы дені сау балалар сыныбында/тобында оқиды және дефектолог-мұғалімнің жүйелі көмегін алады), жартылай (жеке балалар күннің бір бөлігін арнайы топтарда, ал екінші қарапайым топтарда өткізеді), уақытша (арнайы топтардағы балалар және қарапайым топтардың оқушылары бірлескен серуендерді, мерекелерді, сайыстарды, жеке істерді өткізу үшін біріктіріледі), толық (дамуда ауытқулары бар 1-2 бала балабақшаның, сыныптың, мектептің қарапайым топтарына енгізіледі, мамандардың бақылауы бойынша түзету көмегін ата-аналар көрсетеді) болады.
Өзімнің тәжірибемде, инклюзивті білім беруде іс-әрекетінде және эмоционалдық-еріктік аймағында бұзылысы бар балаларға арнайы ашылған Қызылорда облысындағы М.Сужиков атындағы №6 орта мектебінде тьютор маманы болып жұмыс атқардым. Әр балаға жеке оқыту бағдарламасы жасалды. Сол бойынша жұмыстар жүргізілді. Әр балаға жеке тьютор тағайындалды. Тьютор маманы балаға бағыт-бағдар береді, баланы тәрбиелейді, ортаға бейімдейді және оқытады.
Ата-аналар балаларының мектеп табалдырығын аттап, басқа балалармен бірдей дәрежеде білім алатындығына өте қатты қуанды. Олар бізге (тьютор) барынша қолдау көрсетіп, баласын сеніп тапсырды. Баланы сыныпқа апарғанда, оған айналадағы заттар түсініксіз әрі қызық болып көрінді. Баланы сыныптағы балалармен таныстырған соң олардың арасында достық қарым-қатынас пайда болды. Басқа балалар оған мейірімді, жанашыр дос болғысы келді. Оған керек жерінде көмек көрсетіп, сөйлесіп, сұрақтар қойды. Ал мүмкіндігі шектеулі бала олардың іс-әрекетін, сөйлеуін, өзін-өзі ұстауын бақылап, жақсы жаққа өзгере бастады. Басында баланың қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі жанұямен шектелген болатын. Ал бала ортаға қосылғаннан кейін балалармен сөйлесіп, мектептік дағдыларға бейімделіп, қоршаған ортадағы адамдар туралы білімі кеңейе бастады. Еңбек, сурет, ән сабақтары баланың мектепке бейімделуіне үлкен үлес қоса алды.
Мемлекеттің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға жалпы мектепте білім алуға жағдай жасалып жатыр.№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында мүмкіндігі шектеулі балаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін нашар көретіндерге тұтқалар немесе жаяу жол орнатуда, тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған балалар үшін пандустар мен аласатабалдырықтар және т.б. жасалған. Мектеп-гимназияда мүмкіндігі шектеулі балалармен әлеуметтік педагог –Г.Дүйсенбиева, педагог-психологтар – А. Сүйіндікова, Ж.Ахметов бірлесе жұмыс істеуде. Мүмкіндігі шектеулі үйден оқитын оқушылар «Дарын» облыстық білім беру орталығының онлаин режиміндегі сабақтарына айына 3-4 рет қатысады. Мүмкіндігі шектеулі баламен дефектолог аптасына 2-3 рет жеке дамыту бағдарламасына сәйкес жұмыс жүргізеді. Педагог-психолог мамандар тренингтер өткізіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Соның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі бала әр қырынан көрінуде. Пән мұғалімдері мүмкіндігі шектеулі баланы оқыта алуы үшін арнайы инклюзивті оқыту курстарынан өтуде.
Мемлекеттің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, әрбір бала елдің ертеңі екенін ескерсек, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз болып табылады.
Фариза Балтабаева,
дефектолог