Істің қисынын тапқан Қарлығаш
Бәйгеқұм ауылында талай қиындықты басынан өткерген қайсар адам бар. Оның өмірге деген талпынысы мен көзқарасы да ерекше. Ол екінші сынып оқып жүргенде темір жолдың арғы бетіндегі мектепке барар жолда поездың астына түсіп, бір ажалдан аман қалған-ды. Солай бір аяғы мен қолының кемтарлығына қарамастан, алдағы күннен үміт үзбей, мектеп қабырғасын бітірген соң, батыр қыз өзі қалаған оқуына түсіп, мұғалім мамандығы бойынша білімін тәмамдайды.
Біз жазып отырған қайсар қыз – Қарлығаш Жақыпова. Оны ауылдастары тігіншілік өнерімен жақсы таниды. Мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өзі армандаған мамандық бойынша Бәйгеқұм ауылындағы мектепте ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметін абыройлы атқарады. Қолы қалт ете қалған жағдайда тігін тігіп табыс тауып отыр. Солай 30 жылдан бері тігіншілікті кәсіпке балап, кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша курстан өтіп, бизнес жоспарын құрып, 1 млн теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алады. Сол қаржыға екі тігін машинасын сатып алып, жолға қойылған кәсібін кеңейтіп отыр. Қазіргі уақытта Қарлығаш Жақыпованың бір күндік табысы орта есеппен 40 мың теңгені құрайды. Ал айына 1 млн 200 мың теңге табыс табуда. Міне, осындай қайсар жанның өмірі көп адамға үлгі. Себебі мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өмірге деген талпынысы үлкен жетістіктерге жеткізді.
Осы ретте, Қарлығаш Жақыпованың ауылдасынан пікір алған едік.
– Біз қыз жасауы, көрпе, жастық, киім-кешек тіктіру үшін Қарлығаш апайымызға барамыз. Бұған ауылдастарымыз да үйренген. Менің таңқалатыным, мүмкіндігі шектеулі жан болса да, таудай тірлікті атқарып жүргеніне қайран қаламын. Міне, бізде өмірдің қиындығына қайыспай, қайсарлы болуымыз керек. Сонда біз үлкен белестерді бағындырып, нәтижеге қол жеткіземіз. Мен жастарға әрдайым Қарлығаш Жақыповаға қарап бой түзеңдер деп жиі айтамын, – дейді ауыл тұрғыны Күнімай Әбенқызы.
Дархан Ғалымжанұлы