Қаһарман қыз Қарлығаш
Ол өз ортасында «қаһарман қыз» деп танылған. Рас. Қ.Омарханқызын көрген жан қайсарлығына таңдай қағысады. Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын.
Қарлығаш Омарханқызы 1969 жылы Бәйгеқұм ауылында дүниеге келген. Өмірге құштар қаршадай қыз небәрі тоғыз жасында тағдырдың тәлкегін тартады. 1978 жылдың қақаған қысында қиын жағдайға тап болып, өмірі күрт өзгереді. Балапандай балбырап теміржол өткелінен өтпек болған Қарлығашқа тағдыр тырнағын батырады. Ойламаған жерден жүрдек пойыз қозғалып, қаршадай қыз апатқа ұшырайды. Сол сәттен бастап оның бір қолы мен аяғы істен шығып, өзі емін-еркін жүруден қалады.
Алайда, Қарлығаш Омарханқызы мүгедектіктің қамытын кисе де, өжеттілік пен қайсарлықты бойына дарытып ауылдық «Қамыс зауыт» мекемесінің кітапханасында жұмыс істейді. Жұмысқа орналаспас бұрын ол Алматы протез зауытына барып, жасанды аяқ пен қол жасатып алады. Уақыт өте келе Қ.Омарханқызы Алматы педагогикалық училищесінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Таным көкжиегін кеңейтіп, өзінің сүйікті ісін тапқан соң 1992 жылдан бастап ұстаздық қызмет атқарады. Қайсар қыз ұстаздық қызметтен бөлек, үйінде қолдан келгенше іс бастап, кәсіп жасайды. Жарымжан халде болса да, ұлттық құндылық көрініс тапқан бұйым әзірлеп, көптің ықыласына бөленеді. Құрақ көрпе, бесік жасауы, қыз жасауы сынды дүниелермен қоса тәтті бәліштер пісіруді де қолға алған. Осылайша Қ.Омарханқызы тағдырдың маңдайға таңбаланған тартуын үнсіз қабылдап, өмір көшін жалғастырып келеді. Бұдан кейін біздің де оны «қаһарман қыз» деп атамауымызға шарамыз қалмады.