Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаһарман қыз – Қарлығаш

Қаһарман қыз – Қарлығаш

1978 жыл. Қаңтар айының 12 жұлдызы. Даладағы үскірік аяз адамды аямайды. Әрлі-берлі жүрген жандар қос қолын қалтасына салып, діттеген жеріне жетуге асығып барады. Ал қылышын сүйреткен қыс өз дегенін жасап, бурадай бұрқ-сарқ етіп долданып, адамдардың бетін қаратар емес. Осындай қытымыр қыста жаздай жадырап, көңіліне кірбің түсірмеген жалғыз жан бар. Ол 1969 жылы Бәйгеқұм ауылында дүниеге келген – Қарлығаш Омарханқызы. Иә, қаршадай қыз қақаған қысты да, жапалақтап жауған қарды да елемей, өзіне ғана жарасатын еркелікпен мектепке асығып барады. Әдетте ағасының қолынан тас қылып ұстап, білім ордасына келгенше жібермейтін Қарлығаш бұл жолы ағасын да артқа тастаған. Себебі, үстіндегі жаңа күртесін сыныптастарына көрсетпейінше тағаты таусылуда әрі арадағы ұзақ демалыс құрбыларын сағындырып үлгерген. Осылайша шат-шадыман күйде келе жатқан Қарлығаш бір сәтте кідірді. Алдында бірінен соң бірі үш пойыз қатар тұр екен. Мектеп болса, теміржол өткелінің арғы жағында. Қайтпек керек?! Судай жаңа сырт киімін жұртқа көрсетуге құмарланған Қарлығаш ағасын күтпестен теміржол өткелінен өзі өтуге бекиді. Алғашқы пойыздардан аман-есен өткеннен кейін, соңғысына күш-қайраты жететініне кәміл сенеді. Алайда, балапандай балбырап, теміржолдан әрі аспақ болған қызға тағдыр тырнағын батырады. Ойламаған жерден жүрдек пойыз оталып, қаршадай қызды апатқа ұшыратады. Дем арасында дүние дүрбелеңге түсіп, айналадағы адамдар у-шу болып, Қарлығаштың жан түршігерлік халіне қарауға шамасы жетпейді. Тек Валентина Беккель есімді өжет қыз Қарлығашты қолына алып, жол жиегіне шығып, көлік тоқтатуға талпынады. Жығылғанға жұдырық дегендей, дем арасында даяр тұрған көлік табылмай, ел-жұрт тағы қиналады. Бір сәтте трактор тізгендеуші ес-түссіз жатқан Қарлығаш пен құтқарушы Валентинаны көлігіне отырғызып, ауруханаға әкеледі. Адам жанының арашасы бола білген дәрігерлер болған оқиғадан хабар алған соң, дереу ота жасап, Қарлығаштың оң аяғын жуан саннан, оң қолын білектен, сол қолының төрт саусағын ұшынан кесуге мәжбүр болады. Дәрігерлердің айтуынша, кеспеске амал жоқ! Әйтпесе, ғұмырдың ғаламатын енді сезінгелі жатқан қыз жан тәсілім етуі мүмкін. Оны аман сақтаудың жалғыз жолы – осы. Ақыры ақ халатты абзал жандар соңғы шешімді қабылдайды. Сол сәулелі сәттен бастап Қарлығаштың бір қолы істен шығып, өзі емін-еркін жүруден қалады.
Арада ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп Қарлығаш өмір көшін жалғастыра береді. Ол кейбіреулер секілді төрт қабырғада қамалып отырмай, білім алып, ертеңін нұрлы етуге талпынады. Осы орайда анасы Тамара Қалымбетова да қызының өмірге деген құштарлығының артуына көп септігін тигізеді. Күннің ыстығы мен суығын елеместен Қарлығашты арқалап, күн сайын мектепке тасиды. Ал М.Әуезов атындағы №251 мектептің Қарашаш Ермаханова, Палбала Бекназарқызы сынды мұғалімдері Қарлығаштың саналы һәм сапалы білім алуына күш салады. Осылайша Қарлығаш Омарханқызы мүгедектіктің қамытын кисе де, орта білімді тәмамдайды. Әрмен қарай өз жолын Қызылорда қаласындағы кітапханашылар даярлайтын курста жалғастырады. Бұл кезде Қарлығаш Алматы протез зауытына барып, жасанды аяқ пен қол жасатып алған еді. Енді ол өзгелермен терезесі тең болып, жұмыс істеуге кіріседі. Өн бойындағы өжеттілігі мен қайсарлығы оны ауылдық «Қамыс зауыт» мекемесінің кітапханасына әкеледі. Онда кітапханашы болып еңбек жолын бастайды. Алайда, бүтіндей бір мекемеде жападан жалғыз отырудан жалығып, Қарлығаш қосымша тағы бір мамандықты игергісі келеді. Бір аяғы икемге келмесе де, оң қолы жөнді жұмыс істемесе де Қарлығаш Омарханқызы Алматы педагогикалық училешесінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Таным көкжиегін кеңейтіп, өзінің сүйікті ісін тапқан соң, 1992 жылдан бастап №214 Қызылдиқан мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. Ал келесі жылы өзі туған ауылына атбасын бұрып, балалық шағы өткен №251 білім ордасына мұғалім болып келеді. Сол сәттен бас­тап Қарлығаш Омарханқызы шәкірттері мен әріптестеріне қазақ тілі мен әдебиетінен ғана сабақ бермейді, алдына келген әр жанға қайсарлықтың үлгісін көрсетеді. Ол Тәңірдің тартуын тынбай тосып, төрт қабырғаға қамалып отырудан бойын аулақ ұстайды. Үйінде дертінің дауасын күтіп жатпай, қолдан келгенше іс бастап, өзгелердің қолынан келмейтін кәсіп жасайды. Жарымжан халде болса да, ұлттық құндылық көрініс тапқан бұйым әзірлеп, көптің ықыласына бөленеді. Әркез тапсырыс қабылдап, қос жұмысты қатар алып жүрсе де бір сәт талмайды. Осындай сәтте Қарлығаш Омарханқызының ұстанымы «Маған қоғам не береді деп емес, мен қоғамға не беремін?!» дегендік. Себебі, ол қазіргі таңда алдына мақсат қойып, жұмысын дөңгелетіп отыр. Тағдырдың маңдайға таңбалаған тартуын үнсіз қабылдап, өмір көшін жалғастырып келеді. Міне, бұл қаһарман қыз – Қарлығаш.
Жақында Қарлығаш Омарханқызы ғұмырындағы елуінші жылды бағындырды. Бала кезінде көрген қиыншылығы оны әлі күнге дейін мұқалтпаған. Керісінше ширатып, айналасындағы адамдарға құрметті ете білген. Сол себептен болар, туған күні қарсаңында Бәйгеқұм ауылдық округіндегі №251 мектептің ұжымы Қарлығаш Омарханқызына арнап кеш ұйымдастырды. Айтулы күнге арналған шара әуелі «Гүлге оранған өлке» жарысымен басталды. Жарыста туған күн иесінің шәкірттері бөлме гүлдерінен және қағаздан жасалған шоқ гүлдерден көрме жасады. Шара барысында қандай қиындық болса да мойымаған Қарлығаш ұстаздарына арнап оқушылар ақ тілек жаудырды және әуелеген ән айтып, би биледі.
Өз ортасында «қаһарман қыз» танылған Қ.Омарханқызына арналған кеш әрмен қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында Бәйгеқұм ауылының әкімі Мұхаммедәлі Жүсіп, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұсахан Дүйсенұлы, ауылдық аурухана меңгерушісі Зағира Мұхамедова және ауыл имамы Мархабат Адамбекұлы сөз сөйлеп, қайсар жанның өнегелі өмірі жайында әңгіме өрбітті. Содан кейін сөз кезегі Қарлығашты ажал аузынан суырып алған көмекшісі Валентина Беккельге берілді. Ол бүгінде 50-ге толып, мерейі үстем болып отырған Қ.Омарханқызын іздеп Германиядан арнайы келіпті. В.Беккель сөз арасында Қарлығаштың екінші анасындай болып кеткенін айтып, жан түршігерлік оқиғаны еске алып, көзіне жас алды.
Мерекелік кеште мектеп оқушылары ұстазына арнайы шығарған өлеңдерін оқып, әріптестері мен бауырлары Қарлығаш Омарханқызына сый-сияпат табыстады. Ал қызы Жаншуақ ән арнап, жиналған қауымның жүрегін тебірентті. Қаһарман қыз Қарлыған барлығына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да жігерін құм қылмай, алға қарай өрлей беретінін жеткізді.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ

22 қазан 2019 ж. 776 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930