Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК

1986 жылдың 16 желтоқсаны. Ел есінде қалған қаралы күн. Тарих бетінде қалған боздақтардың теңдік үшін күрескенін ұмыту әсте мүмкін емес. Ұмытпайды да. Себебі қас-қағым уақыт тәрізді, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге биыл 32 жыл болса, Желтоқсан оқиғасына 37 жыл.
Мінекей, осындай ұлы күнді Шиелінің азаматтары да назардан тыс қалдырмады. Сенбі күні Мұстафа Шоқай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, желтоқсан оқиғасының құрбандарына тағзым ету рәсімі жасалды. Бұл шараға аудан әкімдігінің басшылығы, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы, және желтоқсаншылар, қоғамдық ұйым жетекшілері, білім саласының мамандары, ҮЕҰ, БАҚ және жастар өкілдері қатысты.
Ресми шара алдымен 1986 жылғы желтоқсан құрбандарын еске алу үшін 1 минут үнсіздікпен басталды. Содан кейін қазақтың болашағы үшін жанын берген жастардың рухына арнап Құран бағышталып, дұға оқылды.
Желтоқсан – қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті ай. Себебі дәл осы айда 37 жыл бұрын өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы мен Тәуелсіздік үшін алаңға шығып, мерт болды. Қаншама қудалауға ұшырап, азап шекті. Сол боздақтардың арманы орындалып, 1991 жылы еліміз Тәуелсіз ел атанып, бүгінде қарыштап дамудың даңғыл жолына түсті. Расында, желтоқсан қаһармандарының ерлігі мен өрлігі қазақ елімен бірге өмір сүріп, есімдері халық жүрегінде жасай бермек. Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Желтоқсаншылар сол жолда құрбан болған нағыз батырлар еді. Сол үшін олар бізге қастерлі, қадірлі де қымбатты, –деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Е.Әпетов.
Айта кетейік, Шиеліден желтоқсан оқиғасына 40-тан аса адам қатысқан. Сіздерге сол тұста алаңда болған, көтеріліске қатысқан жандардың бірін атап өтейік. Ол – Перизат Тұңғышбайқызы.
– Ол кезде арман қуған жалынды жастар едік. Алға қойған мақсаттарымыз да көп болатын. Бірақ барлығы желтоқсан оқиғасының әсерінен басқа арнаға бұрылып кетті. Мен сияқты қазақ жастары алаңға өз пікірін айтуға еркін шығатын. Ештеңеден қорықпайтынбыз. Сол сәт жастардың сағын қатты сындырса да, көңілдеріне қаяу түсірсе де олардың жігерін жасыта алмады, – деді, жанарына жас алып.
Тағы бір айта кететін жайт, елімізде Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған өлең-жырлар аз емес. Тіпті деректі кітаптар, сахналық қойылымдар мен прозалық жанрдағы әңгімелерде бар. Осы тұста аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегінің «Қарусыз қаһармандар» атты кітабын атап айтуға болады
Азаттықтың әрқашан қастерлі ұғым екенін ел егемендік алғанда, бөркін аспанға атқан халықтың қуанышына куә болған зиялы қауым жақсы түсінеді. Сол үшін де бүгінде ұрпақ барды бағалап, арды ардақтау қажет.

Қазақ жастарының ұлы ерлігі
Әрмен қарай іс-шараның жалғасы аудан әкімдігінің мәжіліс залында жалғасты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Е.Амантайұлы тәуелсіздік қарсаңында желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесуде Ерсұлтан Әпетов тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегендігін, желтоқсаншылардың ерлігі уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырып, келер ұрпаққа үлгі болатындығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын табыс етті.
Тарихта «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен қалған оқиға еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының жарқын көрінісі еді. Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтыны – оның халық тағдырымен байланыстылығында. Асыл азаматтардың өмірлері, үміттері, армандары бізге аманат сияқты көрінеді. Сол дүбірдің ішінде болып, бүгіндері Тәуелсіздіктің жаршысындай болып жүрген шиелілік азаматтар қашанда марапат мінберінен түспейді.
Жиынға қатысушылар еркін тақырыпта пікір алмасып, өз ойларымен бөлісті. Сөз кезегін алған аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы мен әйелдер Кеңесінің төрағасы Нәйла Палымбет, Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы Бахарам Құлтаев барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, батыл азаматтардың өжет ерлігін айта кетті.
Осылайша есте қаларлықтай болған ерекше күн сәтті аяқталды. Айта кетейік, бұл іс-шаралар Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында өткізілді.

Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
20 желтоқсан 2023 ж. 67 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930