Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым

Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым



Кеше ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні М.Шоқай атындағы орталық алаңда өтті.
Бұл Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері де болды. Елімізде бұл күнді арнайы атап өтеді. Зобалаң, зұлмат жылдардың боздақтарына, олардың рухына құраннан дұға бағышталады. Бұл жыл сайын дәстүрге айналған. Биыл да ауданның орталық алаңында тұрғындар бас қосып, митинг өткізді. Оған аудан азаматтары, ардагерлер, бөлім басшылары жиналды. Мұстафа Шоқай ескерткішіне Шиелі халқы атынан аудан әкімі Әшім Оразбекұлы тағзым гүлін қойып, нәубат жылдары құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін аудан басшысы сөз сөйлеп, жиынды ашып берді.
Саяси репрессияның зардабын көрген боздақтардың есімдері ұлықталып, еңбектері дәріптеліп, өмір жолдарын насихаттау, рухына тағзым ету – баршамыздың міндетіміз. Осылайша нәубат құрбандарының ұрпақтары атынан аудан ардагерлері, бірқатар азаматтар сөз сөйледі. Содан кейін, құрбандар рухына бағыштап, ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев құран оқыды. Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері еді. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге қоныс аударғандардың ішінен Шиелі өңіріне 776-сы келіп, тұрақтаған. Сондай-ақ 100-ден аса шиелілік зиялы қауым халық жауы деп танылып, тұтқындалған.
Қазақ көрген кешегі зұлмат-зобалаң жылдарды болашақ ұрпақ енді қайтып көрмесін. Тарихты таразыламай, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Ата-баба арманын асқақтатып, ата-қонысқа иелік етіп, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген жастар кешегі күннен сабақ алып, өнегесін өрістетеді деген сенімдеміз.

Ж.Қауғанбаева.
01 маусым 2019 ж. 1 526 0