ЖЕЛТОҚСАННЫҢ АЛАУЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ
Шиелі ауданында «Желтоқсанның алауы – тәуелсіздік бастау» атты желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті.
Тарихта ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына айналған, бізге тәуелсіздік туын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Міне, содан бері 36 жыл уақыт өтті. Өмір бізді одан алыстатып бара жатса да, жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды. Ол – дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақтың өр мінезді қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым, құрмет.
Кездесуге желтоқсан оқиғасын көзбен көрген, куәгер қатысушылар Перизат Тұңғышбайқызы, Ақтай Пәтешұлы, Патыма Арғынбайқызы, Илияс Оразайұлы, Бахарам Ілиясұлы қатысты. Олар 1986 жылғы 16 желтоқсанда алаңда болған оқиғалар жайында ой бөлісті.
Рухани шара әрмен қарай 47 М.В.Ломоносов мектеп-лицейінің белсенді оқушылары дайындаған көріністері мен концерттік бағдарламаға ұласты. Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты күш қайрат керек болса, оны құлатпай ұстауға да соншалықты күш жігер керек екенін бүгінгі жастар түйсігімен сезінгені сөзсіз. Кездесу соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратоваға сөз беріліп, желтоқсан оқиғасының куәгерлеріне құрмет көрсетіп, сый-сияпат табысталды.