ӘСЕРГЕ ТОЛЫ КЕЗДЕСУ КЕШІ

Иә, Перизат апайымызбен кімнің болса да сыр шертісіп, сұқбаттасқысы келетіні анық. Себебі, оның әрбір сөзінен 1986 жылдың самалы есіп, жүрегінен сол бір оқиғаның көрінісі көз алдыңа еріксіз елестей кетеді. Сол үшін желтоқсан айының оныншы жұлдызы күні аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Желтоқсанда шындық жатыр шырылдап...» атты кездесу кеші өтті. Оның мақсаты: елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз Отанын сүйетін, от жүректі, өжет мінезді ұл-қыздардың ерлікті істерін дәріптеп, оны болашақ жастарымызға дәріптеу. Рухани ордада өткен бұл кешке Желтоқсан оқиғасына қатысып, алаңға шыққан қайсар қыз Перизат Тұңғышбайқызы арнайы шақыртылды. Кездесу кеші көңілге қонымды-ақ. Неге дейсіз бе? Кітап сөресінен бастап, әдемі безендірілген әсемдіктің өзі жаныңды ерекше бір күйге бөлейді. Кітапхана іші Желтоқсан оқиғасына қатысқан батыр қыз-жігіттерімізді дәріптеуге арналған сөремен толығып тұр. Кешті Перуза Түлкібаева жүргізді. Сондай-ақ, ауданның әр мектебінен келген оқушылар «тәуелсіздік» тақырыбындағы өлең жолдарын оқып, енді бірі Қайрат Рұсқұлбековтың кейіпіндегі батырдың рөлін сомдады. Балалар кітапханасының меңгерушісі Г.Қоңыратбаева болса, келген қонақтарға өзінің ақ жарма тілегін арнап, тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
Сымбат Сұлтан