Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткеннің өнегесі өшпейді

Өткеннің өнегесі өшпейді


Еліміз Тәуелсіздік тәжін киіп, егемендік еншілегелі 27 жыл. Бүгінде ынтымағы жарасқан Қазақ елі күллі әлем таныған тұғырлы да тұрақты мемлекетке айналды. Осы жетістіктердің бәрі, ең алдымен, ата-баба аңсаған Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Мәңгілік Ел болуды бағдарға алған егемен елдің қарыштап дамып, әлем мойындаған өркениетті мемлекет ретінде қалыптасуы – тәуелсіз еліміздің басты мақсаты.
Осынау басымыздағы бақ-мұратымызды бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, азаттық үшін сан мәрте бастарын құрбандыққа тіккендерін тарихтан білеміз. Сол құрбандықтың ең шешушісі 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында болды. Қазақ жастарының арасында алаңға шығып, өз құқықтарын талап еткендері үшін жала жабылып, жапа шеккендердің қатарында ауданымыздан 30-дан аса азамат болған деген дерек бар. Олардың барлығы сол бір дүр сілкіндірген толқудың кезінде оқудан шығарылып, партия қатарынан шеттетілді. Тіпті, кейбірі жазықсыз абақтыға да қамалды. Сонау әділетсіздіктің салдарынан сол жалындаған жастардың тек тәніне ғана емес, жанына, жүрегіне жара түсті.
Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбымен ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесті. Жиынға аудан жастары мен оқушылар қатысты. Алдымен желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, құрмет көрсетілді. Мұнан соң бейнесюжет көрсетіліп, артқа шегініс жасалды.
Әрі қарай алдағы ел тәуелсіздігі мерекесімен құттықтаған Ә.Оразбекұлы жылы лебізін білдірді.
– Қай халық үшін де тәуелсіздік – қастерлі ұғым, ұлы мұрат. Желтоқсан оқиғасы кезінде ел намысын қолдан бермейтіндеріңізді көрсеттіңіздер. Егемен еліміздің ерлік жолында, тарихында сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Ол кезде бастан кешкен қиындықтарыңыз ұмытылмақ емес. Елбасы: «Дүниеде Тәуелсіз қазақ елі бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» – деген болатын. Ендеше, бүгінгіден де бақуатты күндерді жақындату үшін бірге еңбек етейік – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Кездесу барысында осынау жайттарды көзімен көріп, қатысқан жерлестеріміз Перизат Тұңғышбайқызы мен Қойшыбай Асанов қысқаша баяндап, толқынысты сәттерді тағы да бастан кешті. Бүгінде елуді алқымдаған жандар сол бір зұлмат кезеңнің артта қалғанына шүкіршілік етіп, тәуелсіздіктің баянды болуын тіледі. Аудан басшысы жиынға қатысушыларға Шиелі ауданының 90 жылдығына арналған төсбелгі мен алғыс хаттар табыстап, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, Қазақстан телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Мен Қазақпын» мега жобасының биылғы екінші маусымының терме жанры бойынша «Жылдың үздік термешісі» бас бәйгесінің жеңімпазы Күнсұлу Түрікпенді аудан әкімі арнайы құттықтап, ықылас гүлін табыстады Кездесудің мазмұнын аудан өнерпаздары Бағдат Тойманов, Әділбек Тәшімов, Нұртілек Ақтаевтың ән-күйден шашқан шашулары мен оқушылардың өлеңнен өрген жолдары айшықтап, көпшілік естелік суреттерге түсті.

Дина ЖҮСІПОВА.
15 желтоқсан 2018 ж. 1 298 0