Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаттықтың жолында мұз жастанған желтоқсаншылар

Азаттықтың жолында мұз жастанған желтоқсаншылар

«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласынан алынған үзінді.
Мақалада Мемлекет басшысы осыдан отыз жыл бұрын кеңестік тар құрсаудан шығып, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің арғы-бергі тарихын түгендеп, батырлармен қатар тәуелсіздікті жақындата түскен айтулы оқиғаларды және қуанышы мен қасіреті қатар келген даталарды ұрпаққа ұлағат ретінде насихат ету керектігіне баса мән береді. Сондай тарихи сәттердің бірі – 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығын, оның қаһармандары мен құрбандарын ұмыт қалдырмау керектігін айтады.
Тәуелсіздік – бір адамның ғана емес, бүкіл Алаштың арқасында келген ұлы жеңіс. Осы жолда қыршыннан қиылған жастарымыз да аз болмады. Бір үйдің үлбіреген үміттері білім алу мақсатымен Алматы шаһарына аттанып, сол кездегі солақай саясатқа жан аямай қарсы шыққан жастардың ерлігі қазіргі ұрпақ үшін үлгі.
Сол бір желтоқсан көтерілісінде мұз жастанып, мұң арқалаған жалынды жастардың ішінде менің құрдастарым да бар. Ауылдан арман қуып Алматыға аттанғанда жарқын болашақты қалаған еді, олар. Расында, Тәуелсіз, болашаққа айқын бағдар қойған ел болдық. Бірақ, бұл тұғырға жету жолында талай тағдыр қыршынынан қиылып, жас жауқазындар желтоқсанда үзілді. Еске алуға ауыр, әрі қайғылы сол бір оқиға әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр. Солақай саясаттың салқыны желтоқсанның ызғарлы желін оятты.
Сол кездегі солақай саясат деуіміздің астарында 1986 жылдары қазақ ұлтының тілі, намысы тапталып, еленбей қалған кез еді. Осыны көріп ашынған көкірегі ояу жастар жиналып алаңға шықты. Олар өз наразылықтарын танытып, ұлтымыздың тілін, дәстүрін, дінін қайтарып, құрметпен қарауды талап етті. Елімізге қазақ ұлтының әдет-ғұрпын, тілін білетін, жанын түсінетін басшының келуі керектігін жеткізді. Бұл сол кездері қазақ халқының толық азат ел болуын көксеген жастардың арманы еді.
Иә, ол қанды жыл болатын. Болашағы зор қазақ жастарының өмірі қыршыннан үзілді. Баласына үміт артқан қаншама ата-ананың жанары құрғамады. Оқуға кеткен баласының өлі денесін көріп, жүрегі мұздай болған ананың жанын түсіне алармыз ба? Жоқ. Бұл мүмкін емес. Бірақ осы ауыр естелікпен өмір сүріп келеміз. 1986 жылдың 16-шы желтоқсанында мерт болған жастардың есімі мәңгілік жадымызда сақталады…

Алтыншаш Сейділдаева,
№148 қазақ орта мектебінің мұғалімі
14 желтоқсан 2021 ж. 423 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930