Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАДІРІН ТЕРЕҢ ТҮСІНУІМІЗ КЕРЕК

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАДІРІН ТЕРЕҢ ТҮСІНУІМІЗ КЕРЕК


«Егемен болмай – ел болмас». Расында егемендік һәм Тәуелсіздік егіз ұғым. Еңсені тіктеген 30 жылда тұрмысымыз түзеліп, жоғымыз түгенделе бастады. Бұл қазақ елінің даму жолындағы дара жол. Небір нәубет пен соғысты өткерген тарих парағының жаңа беттері жазыла бастады. Ең бастысы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан қара көрсетер күн де алыс емес. Жемісті жылдарды тізбектеген сәтте тәуелсіздіктің қандай соқтықпалы-соқпақты жолдармен өткенін аңғарамыз. Егеменді ел болудың ерекшелігін ұғынамыз. Тәуелсіздік жай ұран сөз емес. Оның қадір-қасиеті тереңнен тамыр тартып, ата-баба рухымен байланысып жатыр.
Биыл қазақ елі үшін ерекше тарихи жыл екені белгілі. Басты байлығымыз – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында: Бостандық – бодандықтан да қатты сыналады. Елдің азаттығына аттай 30 жыл. Осы аралықта толдық, есейдік, аяқтан нық тұрдық. Яғни, орда бұзар кезең. Енді бастағы бақты тайдырып алмай, қамал алуға қамданған жөн. Қуана білмегенге құт қонбайды. Қуану да керек. Бірақ, мерекенің мәнін ұғынып, игілікті істермен астастыру керек.» деп, ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты.
Еліміздегі шаралар мазмұнды өту үшін «Жасампаздыққа толы жылдар» атты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы әзірленді. 30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды.
Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті. Тұжырымдама төрт идеялық мазмұндық негізге сүйеніп жасалынған. Атап айтар болсақ:

Құндылық негізі
Қазақ халқының ең басты құндылығы, бүкіл тыныс-тіршілігінің негізі және басты жетістігі тәуелсіздік болып табылады. Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту – әрбір қазақстандықтың, барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті.

Тарихи негізі
Қазақ халқы ғасырлар бойы Тәуелсіздікке ұмтылып келеді. Соңғы ғасырдағы оқиғалар соның айқын куәсі. Әр ұрпақ, әрбір этнос осы арманға жетуге өзіндік үлесін қосты. Сондықтан Тәуелсіздікті мерекелеу әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге әрі маңызға ие болмақ. Бүгінгі ұрпаққа айрықша миссия жүктеледі. Біз Қазақстанымызды сақтап қана қоймай, оны нығайтып, қайталанбас тарихи тәжірибесін сақтай отырып табысқа жетелеп, гүлдендіруіміз керек. Мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы осы құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіруге бағытталуы тиіс.

Дүниетанымдық негізі
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Тәуелсіз мемлекеттің барлық жоспарлы даму жылдарының қорытындысы. Әрбір азаматтың бойына тәуелсіз әрі қуатты мемлекетті қалыптастыруға атсалысу сезімін ұялата отырып, еліміздің барлық жетістіктерін көрсету керек. Осыған орай, Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа форматын қалыптастырушы ретінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи үлесін кеңінен танымал етуді ұйымдастыру қажет. Басты ұлттық құндылықтар: тәуелсіздіктің, ұлттық қауіпсіздіктің тұрақтылықтың азаматтық бейбітшілік пен келісімнің негізгі тарихи сабақтастық желісіне назар аударылуы тиіс.

Халықаралық негізі
Заманауи Қазақстанды әлемдік қоғамдастық табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет, бейбітшіл және сындарлы құндылықтары бар ел, ұлттық және азаматтық бірліктің мекені ретінде таныған.
Тәуелсіз Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға басшылық жасады, өңірлік интеграциялық процестер мен жаһандық бейбітшіл бастамалардың бастауында болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», – деді.
Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты.
Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Сондықтан, алдағы уақыт атқарылатын барлық іс-шаралар болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталды. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті.
Осы ретте, Шиелі ауданында да Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылатын берекелі және толымды істер, шаралар жоспарлануда.
Ауданымызда биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен қатар мерейлі жылға бірнеше шараларды атап өту жоспарланып отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығын, қоғамдық саяси маңызы бар күнтізбеге сәйкес «Жырласа, жастар жырласын» республикалық ақындар айтысы, «Тәуелсіз Отан – жүрегің, рухты халқың – тірегің» жазба ақындардың жыр мүшәйрасы, «Жыр-керуен» облыстық жас жыршы-термешілер фестивалі, «30 жыл – 30 жеңіс» марафоны.
Ойға жүйрік, тілге шешен Бала би бабамыздың 210 жылдығына орай қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир, Дала академигі атанған, ақ күріштен атағы шыққан, даңқты диқан, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы қарсаңында «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» республикалық ғылыми-танымдық конференция және «Ақ күріштен тау тұрғызған ...» республикалық ақындар айтысы, ауыр атлетикадан республикалық турнир ұйымдастырылса, атақты күрішші Заһира Ержанованың 95 жылдығына орай «Шиелінің шынары» атты мәдени шара өткізуді ойластырып отырмыз.
Сондай-ақ, жерлестеріміз жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевтың 75 жылдық, Қазақстанның құрметті журналисті, публицист, «Тіл жанашыры» сенатор Нұртөре Жүсіптің 60 жылдық және академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевтың 65 жылдық мерейтойларына орай мазмұнды шаралар өткізілетін болады.
Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздікпен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымдарын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруы керек. Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат. Сондықтан да бәріміз еліміз үшін еңбектенуіміз, халқымыз үшін қызмет етуіміз керек.
Жастардың ұлттық құндылықтарды бойы­на сіңіріп, төл тарихымызды жете түсініп, тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің қадіріне жете алуы да аса маңызды.
Егеменді еліміздің одан әрі дамуына, Мемлекет басшысы атап айтқандай көрсетілген бағыттарды басшылыққа алып, өз саласында аянбай еңбек етуі әрбір жерлестеріміздің қасиетті борышы деп білемін.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен республикалық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» бастау алып, 1 наурыз күні аймақ басшысы Г.Әбдіқалықованың қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы өткізілді. Аталған жобада қала мен аудандағы кәсіпкерлер бейнебайланыс арқылы қосылып, өздерінің игі тілектерін жеткізіп, ел тұрғындарын ізгілікке, мейірімділікке үндеп, қайырымды істер жасауға шақырды. Шиелі ауданынан «Ару Ана» сүт өңдейтін кәсіпорын директоры, облыстық мәслихат депутаты Баян Дүйсенбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасына өз үлесін қосқысы келетінін жеткізді. «Аудандағы 30 әлеуметтік жағдайы төмен отбасын азық – түлікпен және кәсіпорында өндіріліп жатқан өнімдермен қамтып, «Халықаралық балалар күні» мерекесінде 1000 балаға тегін балмұздақ таратуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында 30 баланы тиісті оқу құрал-жабдығымен қамтамасыз ететін болады. Жалпыұлттық «Қайырымдылық істер марафоны» жобасын Шиелі ауданында ұйымдастыру аясында 1 наурыз Алғыс айту және 8 наурыз – «Халықаралық әйелдер» күніне орай жалғызбасты, мүгедек және көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларын қолдау мақсатында аудан көлеміндегі кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен 53 отбасына 622,0 мың теңгеге азық-түлік түрінде қайырымдылық көмектер көрсетілді.
Наурыз мейрамын атап өтудің жаңартылған тұжырымдамасына сәйкес, аудандық іс-шаралар жоспары жасалды. 14-24 наурыз аралығында бекітілген жоспарға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қоғамдық, рухани, мәдени шаралар өтеді. Жалпы аудан бойынша 65 шара онлайн, офлайн форматта өтеді деп жоспарланып отыр.
Наурыз мерекесін тойлаудың негізі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға, табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыру;
Мемлекет басшысының «Таным мен тағлым» жайында айтқан ой толғауларының бір парасы әйгілі Желтоқсан көтерілісі жайында өрбіген. «Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы қазақ жастары Кеңес Үкіметінің қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
Желтоқсан оқиғасын көзімен көрген Президент жастарымыздың Кеңес Одағы сынды алып империяға қарсы қаймықпай алаңға шығуын ерлік деп бағалайды, азаттық үшін болған күрестің нәтижесі 1991 жылғы тәуелсіздікке ұласты деп ерекше атап көрсетеді. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары жасаған ерлік лайықты бағасын алатын кез келді деп санайды. Президент өз мақаласында «Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек» деп түйін жасайды. Осыған орай, Шиелі ауданында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы «Қарусыз қаһармандар» кітабы жарыққа шықты. Кітапты құрастырған Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, тарихшы Бекболат Әбуов. Кітаптың тұсаукесері «Желтоқсанның алауы – Тәуелсіздік бастауы» тақырыбымен салтанатты түрде ашылды. Шараға барлық желтоқсаншылар мен олардың отбасы, туыстары қатысты.
Мемлекет басшысының мақаласын негізге алуымыздағы мақсатымыз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» екенін жан жүрегімізбен түсініп, соның ішіндегі тарих тағлымынан алар ғибраттарды жас ұрпақпен бөлісу болды. Ұлы Даланың ұландары Мәңгілік ел болу мұратын алға қойып, тәуелсіздіктің Көк туын биік желбірете береріне сеніміміз мол.

Алмасбек ЕСМАХАНОВ,
Шиелі ауданы әкімінің
орынбасары

20 наурыз 2021 ж. 1 206 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930