Сабақты ине сәтімен
Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов баспасөз залында брифинг өткізді. Былтырдан бері эпид ахуал күрделенсе де ауданның әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылып, ірі серпінді жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ, биыл қазақ елі үшін ерекше тарихи жыл, яғни басты байлығымыз – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы.
Өздеріңізге белгілі, өткен жылы еліміз үшін өте ауыр жыл болды. Адамзат көзге көрінбейтін «жаумен» алысып, дертпен күресті. Қазіргі таңда, таралған жұқпалы індетпен ауданда 262 науқас тіркелсе, оның 220-сы емделіп, жазылып шыққандар. Айта кетейік, бүгінгі таңда 6835 тұрғын вакцина алған. Алда 3300 «спутник–V» , 1000 «Hayat vax» вакцинасы келеді деп күтілуде. Тұрғындардың зиянсыз өмір сүруі үшін ауданда 3 мониторингтік топ жұмыс істесе, кәсіпкерлік бағыты бойынша «Ashyq» жобасы арқылы 5 кәсіпкер өз жұмысымен айналысуда.
– Ауданда биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен қатар Дала академигі, даңқты диқан, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Социалистік Еңбек Ерлері Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы мен З.Ержанованың 95 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарланып, аудан әкімінің өкімімен мерекені тойлау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Мұнымен қоса, биыл 1986 жылы қазақ жастары Кеңес Үкіметінің қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шыққан жастардың «Желтоқсан оқиғасына» 35 жыл толады. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек, – деген Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ақпан айында Шиелі ауданында «Желтоқсан оқиғасына» қатысушылар туралы «Қарусыз қаһармандар» кітабы жарыққа шықты. Жуырда ғана қазақ поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Тыңда, дала, Жамбылды» республикалық жыршы-термешілердің фестивалі, «Тамаша тарланы», Шиелі ауданының тумасы Мейірман Нұрекеевтің 75 жылдығына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының республикалық байқауы өтті. Байқауға еліміздің 13 облысынан әзіл-сықақшылар қатысты. Ал спорт саласына келер болсақ, күні кеше жеңіске жеткен жерлесіміз Айсамал Сансызбаева Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл – біздің ауданымыз үшін үлкен жетістік. Жалпы, бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту бағытында ауданда 2 стадион, 3 спорт кешені, 44 спортзал, 121 спорт алаңдары жұмыс жасайды. Соңғы 3 жыл көлемінде 6 спорт кешені мемлекеттік-жеке меншік, әріптестік аясында пайдалануға берілсе, биыл тағы 2 спорт кешені пайдалануға берілетін болады, – деді А.Есмаханов. Және де кентте Тәуелсіздік көшесі бойынан 5 га жерге спорт кешенін соғу жоспарлануда деп қуантып қойды аудан әкімінің орынбасары. Сонымен қатар, «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Жиделіарық елді мекенінде 150 орындық ауыл клубын салуға 180,1 млн теңге қаралып, жыл соңында нысанды ел игілігіне ұсынатын болады. Көкшоқы мөлтек ауданында жастар сарайы ғимаратын қайта құрылымдау жұмыстарына 60,0 млн теңге қаражат бөлініп, келесі айда пайдалануға берілетнін жеткізді. Сондай-ақ, 4 маусым – Рәміздер күніне орай, ауданда түрлі шаралар – автошерулер, веломараофон, көрмелер, бейнелекциялар, патриоттық акциялар, суретшілер байқауы өтеді.
Ақбота Баянбай