Іргелі істердің легі артты
Ауданда соңғы жылдары көңіл қуантып, көз сүйсінерлік іргелі істер атқарылуда. Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің баспасөз орталығында өңір басшысының орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров брифинг өткізді. Онда алдағы атқарылатын бірқатар жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалардың жүзеге асуы төңірегінде жан-жақты әңгіме өрбітті.
Ауданның әлеуметтік хал-ахуалымен, жасалған барлық жұмыстардың және оларға бөлінген қаржылардың цифрлық дәйегімен, сондай-ақ, халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене таныс Т.Жағыпбаров тілшілер қауымына қажетті ақпараттық деректерді толық баяндап берді.
Құрылыс жұмыстары қарқын алып келе жатқан өңірде, арендалық тұрғын үйдің мәселесі оң шешімін таппақ. Осыған байланысты Шиелі кентінде тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға арендалық тұрғын үйді салу жоспарланып жатыр. 3 қабатты, 18 пәтерлі, 4 тұрғын үйдің жобалық сметасы жасалып, қаржысы оңтайландырылуда. Сондай-ақ, 25 жеке тұрғын үй мен «Ақ орда» мөлтек ауданынан 34 жеке бір қабатты үй арендалық тұрғын үйдің жоба сметалық құжаттары бітіп, сараптама қорытындысын күтуде. Бұдан бөлек, жолдар жөнделіп, басқа да әлеуметтік нысандар салынып, қосымша жаңа жұмыс орындары ашылып, елдің, халықтың әлеуеті артпақ.
Айта кететін мәселенің бірі – Шиелі ауданында оқушыларға арналған тынығу лагерін салу оң шешімін тауып отыр. Сондай-ақ, аталған лагердің құрылысы аудан орталығында орналасатынын хабарлады. Брифинг барысында «Жастар» сарайын салуды да қарастырып жатқанын тілге тиек етті.
– Ауданда апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі толығымен шешілді. Кент және ауылдарда балабақшалар саны артып, балалардың мектепке дейінгі тәрбиеленуі жүз пайызға қамтылған. Білім ордалардың сыйымдылығына байланысты №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы қазақ орта мектебін кеңейту мақсатында 300 орындық сметалық жоба жасалып жатыр. Қазір бұл мектеп мемлекеттік сараптамада тұр. Сонымен қатар, Жаңатұрмыс елді мекенінде типтік жобадағы мектептің сметасы да қаралуда. Таяу күндері мемлекеттік сараптамадан шығады деп күтудеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Т.Әлиасқарұлы.
Ж.Ноғайбайқызы.