Сыр тілшілері Шиелінің тіршілігімен танысты
Сәрсенбі күні облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы Сыр бойындағы БАҚ өкілдеріне 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы және алдағы жоспарлары жайлы баспасөз
конференциясын өткізді.
Сырдың сұлу маржанына теңелген Шиелі ауданында атқарылған бірқатар жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалардың жүзеге асуын баяндаған аудан басшысы дарынды балалар мектебін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Жалпы, білім саласы бойынша Шиелі ауданы Ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша облыстық көрсеткіштен төмен болды. Сондықтан, бұл көрсеткішті көтеру мақсатында, математика, физика, химия пәндері бойынша білікті кадрларды іріктеп, ҰБТ-ге дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Ал, жоғарыда айтылған мектеп алдағы жаңа оқу жылында Шиелі кентіндегі №47 мектептің ескі ғимаратынан ашылатын болады. Жалпы, аудан көлемінде білім беретін 41 мектепте 16517 бала білім алуда. Ал, сол мектептердің цифрлық білім беру жүйесіне бейімделуі мақсатында 66 млн. теңгеге 28 мектеп 134 дана интерактивті тақтамен қамтылған.
Баспасөз конференциясы барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Ауданда тұрғын үй мәселесі де өзекті. Бүгінге 670 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Қазіргі таңда жобалық құны 825 млн.теңгенің 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құжаттары республикалық бюджеттен қаржы алуға жолданды. Ендігі кезекте 18 пәтерлі 1 тұрғын үйді, Береке мөлтек ауданынан қолжетімді 25 тұрғын үйдің, Ақ Орда мөлтек ауданынан қолжетімді 34 тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттарын толық бітіріп, республикалық бюджеттен қаржы алуға бюджеттік өтінім тапсыруға жұмыс жасалуда» – деп, Елбасының Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын атап көрсетті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев 2018 жыл кәсіпкерлікті дамыту жылы деп хабарлаған болатын. Осыған орай биыл 1 кент және 13 ауылдық округ жаңа бюджеттік саясатқа өткен. Енді ауыл әкімдері өз бюджеттеріне қосымша қаржы түсіріп, ішкі шаруасын шешуде қаржылық негіз болатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жасауға кірісті. Яғни, аудан басшысының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы 4625 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 7646 адам жұмыспен қамтылған. Жыл қорытындысын 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілері 7,1 пайызға, жұмыспен қамтылған адам саны 5,2 пайызға артқанын аңғаруға болады.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, Шиелі ауданында балық шаруашылығы қолға алынды. Аудан көлеміндегі 36 көлдің 24-і бүгінгі күнге дейін он жылдық мерзімге жалға берілсе, алдағы уақытта 12 көл конкурс арқылы кәсіпкерлерге табысталатын болады деді аудан басшысы. Осы көлдерде балық шаруашылығымен айналысатын дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды біріктіріп, балықшылардың 1 кооперативі құрылып, бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады. Бүгінгі күнге, аудандағы 24 көлден жылына 51 тонна балық ауланып, бюджетке 6 млн. 600 мың теңге көлемінде салық төленді. Сондай-ақ, бұл шаруашылық өз кезегінде 75 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Балық шаруашылығын одан әрі дамыту алдағы уақытта «Күміскеткен» су қоймасының салынуымен тікелей байланысты болмақ. Бұл қойма салынған жағдайда ауланатын балық көлемі еселеп артатын болады деп күтілуде.
Брифинг барысында тілшілер ауданда өршіп тұрған мал ұрлығы, апатты көлік жағдайы және денсаулық саласындағы кісі өлімі мен әлеуметтік тағайындау жайында көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Айта кететін мәселенің бірі – Шиелі ауданында оқушыларға тынығу лагерін салуды қолға алғандығы көңіл қуантты. Сондай-ақ, аталған құрылыс нысаны бойынша жобалық смета құжаттары дайындалып жатқандығын және лагерь аудан орталығында орналасатынын хабарлады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.