Бас дәрігер дейді...
Өткен сәрсенбі күні аудандық емхананың мәжіліс залында «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық ауруханасының» бас дәрігері Яхия Шорабаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есебін беріп, 2018 жылға қойылған міндеттерден көпті хабардар етті.
Ауданның бас дәрігерінің есеп беру жиынына облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Баян Бурамбаева, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, медицина саласының қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.
Жиын барысында баяндама жасаған ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев медицина саласында орын алған ілгерілеу жұмыстарымен қатар, жетіспеушіліктерді де атап өтті. Оның айтуынша, жалпы қабылдауға келгендер үлесі өткен жылғыдан 14161-ге, сәйкесінше көрсеткіш 3962-ден, 3796,9-ға дейін төмендеп отыр. Себебі, лор, травматолог, нефролог, невропатолог дәрігерлерінің белгілі себеппен ұзақ мерзімде жұмыста болмауына және кардиолог, хирург мамандарының жетіспеушілігінен болып отыр екен.
Ауырып келгендер үлесі 46,7-ден 37,2 пайызға төмендегенімен, алдын ала тексерілуден өткендер үлесі 9,5%-ға активтік көрілімдер 7,0 % -ға көтерілген. Алдағы уақытта электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет деңгейін 50 %- ға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, бас дәрігер демографиялық көрсеткіштер, ана мен бала денсаулығы, балалар арасындағы өлім-жітім, перинеталдық өлім, жол картасы бойынша жүкті және босанатын әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру және ана мен бала өлімін төмендету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атады.
Осы тұста барлық акушер гинекологтар АНУ, ЭПУ тақырыптары бойынша ОПО базасында білімін жетілдіргені мен материалдық-техникалық базаны жабдықтау бағытында ОПО-дан 1-СИПАП аппараты және жергілікті бюджет қаражатынан жасанды демалдыру аппараты, яғни СИПАП аппараты алынып, жұмыс жасалынып жатқандығын тілге тиек етті.
Онкологиялық ауруларға көмек көрсету, «Онкологиялық аурулардың интегралды басқару жүйесін енгізу жөніндегі» «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстар, туберкулездің алдын алу жұмыстары жайына да тоқталды. Жасөспірімдер мен балалар арасындағы аурушаңдық мәселесіне кідіріп, туберкулезден қайтыс болу көрсеткішін де көрсетті. Флюрографиялық жоспардың орындалу барысы, жасөспірімдердің флюоротексерілуімен қамтылуы, босанған әйелдердің ФГ тексерілуі жөнінде де ақпарат берді. Жүрек қан айналым жүйесі аурулары бойынша атқарылған жұмыстары мен миокард инфарктісі болған жағдайда ықпалдастыра көрсетілетін көмекті енгізу үшін жасалған «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстарды назарға салды. Жедел ми қан айналым бұзылысы болған жағдайда ықпалдастыра көрсетілетін көмекті енгізу үшін жасалған «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстар мен денсаулық мектептерінің жұмысы жайлы мәлімет берді. Мүгедектікке шығу көрсеткіштері мен скрининг бағдарламасы, 2017 жыл көлемінде түскен өтініштер мен арыз-шағымдар, амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Күндізгі стационар қызметі мен басқа да осы салаға қатысты мәселелерді ортаға салды.
Бас дәрігерден кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов пен облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Баян Бурамбаева Елбасы Жолдауын тілге тиек етіп, аса жауапкершілікті талап ететін мамандық иелерінің алдағы атқарылар жұмыстарына сәттілік тіледі.
Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.