Жұмыс сапасы бақылауда
Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелерді 1 тоқсан бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда атқарылған біршама жұмыстар мен ірі серпінді жобалардың жүзеге асырылуы жайында брифинг өткізді.
Бүгінде коронавирустың салқыны әлі де бәсеңдеген жоқ, әлем халқы эпидемиологиялық ахуалмен күресті жалғастыруда. Соған қарамастан күнделікті тұрмыс-тіршілік тоқтамақ емес. Алайда, кәсіпкерлік пен бизнес өкілдерінің бірқатар кәсіптеріне шектеулер енгізіліп, кей нысандар уақытша жұмысын тоқтатты. Ағымдағы жылдың 22 сәуірінде Қызылорда облысының бас санитариялық дәрігерінің №9 қаулысы шығып, аудан әкімдігі жанынан құрылған 3 мобилдік топ және ауылдық округтерден құрылған 22 мобилдік топ мүшелерімен аудандағы барлық кәсіпкерлік нысандарға қаулы талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, аз қамтамасыз етілген 1 387 отбасының 7 324 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, «Наурыз мейірімі – қайырымдылық керуені» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, «Гежуба Шиелі Цемент», РУ-6, өндірістік мекемелер, Шиелі аналары қоры мен «Халық» қайырымдылық қоры және демеушілердің қолдауымен әлеуметтік аз қамтылған 450 отбасыға еріктілердің көмегімен азық-түлік себеттері тарту етілгенін хабардар етті.
Брифингте аудан әкімінің орынбасары өңірдің ауыл шаруашылық саласына да тоқталып, саладағы өсіммен бөлісті. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы үшін 30 246 гектар жер бөлінген. Оның 12 037 гектары күріш дақылының үлесіне тиесілі. Мал шаруашылығы да былтырғы көрсеткіштен біршама артқан. Мәселен, ірі қара – 65 189 бас, қой мен ешкі – 95 911, түйе – 1 522 бас, жылқы – 19 185 бас, құс – 30 953 басқа өскен.
Мұнымен қоса, атқарылған жұмыстар легінде жол мәселесі де бар. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі Шұғыла – 2, 3 және Шығыс 4 мөлтек аудандарына 15 шақырым тас жол төселіп, кент тұрғындары ризашылықтарын білдірген. Алдағы уақытта Береке шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй мен кенттегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы ағымдағы жылдың қараша айында толық аяқталады деп күтілуде. Егер құрылыс жұмысы межеленген уақытында аяқталса көп ұзамай кезекте тұрған 100-ге жуық отбасы баспаналы болады. Сонымен бірге, Айтбай Жандарбеков ауыз суға қосылмаған Қызылқайың, Ақтам, Қосүйеңкі, Жуантөбе елді мекендерінің ауыз су құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді.
– 2021 жылға «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында Бәйгеқұм, Қодаманов, Тартоғай, Алмалы ауылдарында абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүріп, ұзындығы 23 шақырымды құрайтын 21 көше асфальтталып және 3 көше түнгі жарықпен қамтылмақ. Сондай-ақ, Н.Бекежанов, Қодаманов, Ақмая, Жуантөбе, Бестам, Ақтоған, Жиделіарық ауылдарына газ құбырлары орнатылып, жыл соңында қосылу жоспарланған. Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендерін газдандыруға жоба сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысының жауабын күтудеміз, – деді әкім орынбасары.
Шиелі кентіндегі дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылысы басталып, алдағы уақытта салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындардың игілігіне берілетінін де білдік.
Ақбота БАЯНБАЙ