Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе – індеттің емі

Екпе – індеттің емі


Әлемді әбігерге салған індеттің кесірінен елімізде кәсіп тұралады, дағдарыс жайлады, жақындарымыз бақилық болды. Бұл көптің көкейінде өте ауыр тарихи сәт ретінде сақталаны хақ. Дейтұрғанмен, дәрігерлер мен ғалымдар індеттің тез арада жойылуы үшін алтын уақыттары мен ілімдерін екпе жолында сарп етуде. Екпенің алғашқысы болып ресейлік «Спутник V» вакцинасы тіркелді.
«Спутник V» вакцинасы кезең-кезеңімен шығарылып, салынуда. Аталған екпе бірнеше рет тексерістен өтіп, 90 процент тиімділікті көрсеткен. Алғашында бұл вакцинаға 50 ел тапсырыс бергені есімізде. Қазіргі таңда аталған екпе Қарағанды қаласынан шығып жатыр. 6 сәуірде Қарағандыдан шыққан «Спутник V» отандық екпесін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев салдырды. «Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ. Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді. Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырады»,- деп мәлімдеді президенттің баспасөз хатшысы Б.Уәли фейсбук парақшасында.

Сыр еліне қанша вакцина келді?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазиловтың айтуынша, Қызылорда облысында ақпан айынан бері 7119 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Облыс қорына сәуір айында тағы 12 мың доза вакцина келген. Жалпы шілде айына дейін 80 мың доза әкелініп, еріктілерге салынуы тиіс. Себебі әрбір ортаның иммунитеті қалыптасуы керек. Босаңсуға болмайды. 8 сәуірден бастап Қызылорда облысы да эпидемиологиялық бақылау нәтижесінде «сары аймаққа» енді. Қызыл аймаққа енбеуіне кім кепіл? Сондықтан сақтық шараларын әркез сақтай отырып, екпе салдыруды жеделдету керек.
Ақпан айынан бастап сәуір айының 4-іне дейін облыста инфекцияға қарсы екпе 7119 адамға салынса, одан кейін 2623 адамға егілді. Вакцина салдырған адамдардың 3377-і медицина қызметкері, 1610-ы мұғалім, 1290-ы полиция қызметкері, 255-і әлеуметтік, 270-і мемлекеттік қызметкер және 285-і басқа да сала өкілдері. Ал Шиелі ауданы бойынша тек 210 вакцина салынған және оның барлығы да ақ халаттылар.
Айта кетейік, екпе салатын медицина қызметкерлері жеткілікті. Емханаларда кезекті болдырмау жолдары да қарастырылып, екпені ерікті түрде салуға ұсыныс берген мекемелерге дәрігерлер барып, вакцина салып береді.

Не себепті сары аймақтамыз?
Сақтық шаралары жүріп жатса да, өткен аптада Шиелі ауданында 3 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 2-і кент, 1-і Сұлутөбе ауылының тұрғыны. Тіркеуге алынған науқастар бақылауға алынып, тиісті ем жүргізілуде.
Жалпы жыл басынан бері ауданда COVID-19 инфекциясымен 49 жағдай тіркелген. Оның ішінде 32 адам емделіп шыққан, 4 науқас стационарда, 2 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 10 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. Және 2021 жылы індет жұқтырған 1 адам көз жұмды.
Соңғы эпидемиологиялық ахуал нәтижесінде облыс бойынша Қызылорда қаласынан 9, Арал мен Сырдариядан 2 жағдай, Жаңақорған ауданында 3 жағдай және Қазалы ауданында 6 жағдай тіркелді. Тіркелген жағдайлардың басым бөлігі вирус жұқтырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болған жандар. Ауру ошақтарында профилактикалық, эпидемияға қарсы шаралардың барлығы жүргізіліп, қарым-қатынаста болған 65 адам қазіргі таңда медициналық бақылауға алынды.

Ақбота Баянбай
09 сәуір 2021 ж. 505 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930